Шоқан Уәлихановтың жан-жақты қырын ашатын «Сөнбес жұлдыз» атты семинар өтуде
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ұлттық музейдің Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Ғалия Ақпанбекова айтып берді.
«Бүгін Ұлттық музейде қазақ халқынан шыққан ірі тұлға Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына орай «Сөнбес жұлдыз» атты тақырыптық семинар өтуде. Бұл семинарға негізінен Астана қаласындағы студенттер мен оқушылар, сондай-ақ музейдің «Қазақстан тарихи» бөлімінің қызметкерлері қатысып жатыр. Жалпы, қазақ халқынан шыққан ірі тұлғалар бағдарламасының аясында өтіп жатқан бүгінгі семинар барысында Шоқанды тұлға ретінде жан-жақты көрсетуге тырысамыз. Шоқан Шыңғысұлы бір ғана салада емес, жан-жақты саладағы тұлғасын көрсеткіміз келеді. Шоқан тек ағартушы, болмаса географ қана емес, Шоқан - этнограф, фольклоршы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой суретші, саяхатшы, тіпті, экономист. Шоқан Уәлихановтың әр салада қосып кеткен еңбегі зор»,-дей келе Ғ.Ақпанбекова музейдегі Шоқанға арналған экспозиция жайлы айтып берді.
«Негізі, музейдің Қазақстан тарихы бөлімінің 13 ғасырдан 20 ғасырдың басына дейінгі тақырыптық тұрақты экспозиясында Шоқанға арналған арнайы экспозиция бар. Экспозицияға 1956 жылы М.Әуезов атындағы театрда атақты актер Н.Жантөриннің Шоқан туралы спектакльде киген кителін қойдық, сондай-ақ Шоқанның Қашқария, Құлжаға сапарынан жазған қолжазбаларының көшірмелерін қостық. Шоқан Уәлихановтың орыс достары көп болған, орыстың атақты ғалымдары Шоқанның ғұлама екенін кезінде мойындап кеткен болатын. Соның бір дәлелі - 1857 жылы Шоқан орыс географиялық қоғамына мүшелікке қосылған болатын, экспозицияда осыны растайтын құжаттың да көшірмесі бар»,-деп толықтырды ол.
Ғылыми қызметкердің хабарлауынша, семинардың бірінші бөлімінде тақырыпты ашып көрсету үшін студенттер мен оқушыларға дәріс оқылады. Семинардың екінші бөлімінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі Мұхтар Байбосынов балаларға Шоқан Уәлихановқа арнаған суреттерін, ғалымның портреттерін көрсетеді. Үшінші бөлімінде Қазақстан тарихы залының тарих бөліміне экскурция ұйымдастырылады.