***
Ұлы Отан соғысы миллиондаған адамның өмірін қиған, осыншама отбасыға тауқымет азабын тарттырған қасіретті сойқан ретінде тарихта қалды. Тағдырдың айдауымен тұтқынға түскендердің лагерьлерде қандай азаптаулар көргендігі де өз алдына зерттеуді қажет ететін үлкен әңгіме. Лагерьлерде түрлі азаптаулардан, ауру-сырқаудан, аштықтан көз жұмғандардың шаштары мен терілерінен әйелдерге арналған биік өкшелі туфли, сөмкелер дайындалғаны туралы деректер де әр жерде айтылып жүр. Сөйтсек, Ұлы Отан соғысы жылдарында адам терісінен, дәлірек айтсақ, жауынгер терісінен тігілген бұйымның бірі Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы екен. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Адам терісінен жасалған портмоне» атты мақалада.
«1995 жылы Жеңіс мерекесінің 50 жылдығына орай мұражайда арнайы көрме өткізген едік. Көрмені тамашалауға келген көрермендер арасынан Ақтау қаласының тұрғыны Лесицын өзінде адам терісінен жасалған портмоне бар екендігін айтып, арада көп уақыт өтпей мұражайға әкеліп тапсырды, - дейді Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қор бөлімінің бас қор сақтаушысы Жадыра Кетеева» деп жазады басылым.
Тігінен ашылатын портмоненің ені 10 см., ал ұзындығы 15,5 см. екен. Дизайны сол кездің өлшемімен алғанда тәп-тәуір - іші төрт бөліктен тұрады. Бір бетінде қалташа бөліктерді бекітетін арнайы белдігі де бар. Ішкі бетін, яғни портмоне астарын матамен ызған.
«Бұл - соғыс жылдарындағы атыс-шабыс былай тұрсын, адами құндылықтарды, ар-иман атаулыны жиып тастап, адамды айуандықпен жазалағандығының бір дәлелі. Атасын, әкесін, бауырын жоғалтып қанша жан «аһ» ұрды, қанша ана ұлын күтумен өтті өмірден, қанша ұрпақ хабарсыз кеткен бабалар туралы бір дерек табылар ма екен деп әлі де ғаламтор сайттарына үңілуде. Ал, сүйегі өртеліп, сыпырылған терісі бұйымға айналған бейбақ кім екен?! Бұл - соғыстың ашылмайтын мәңгі жұмбағы...» дейді мақала авторы.
«Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Марғасқа Мұстафа» деген тақырыппен қазақтың арда ұлы Мұстафа Өзтүрік туралы үлкен мақала жарияланып отыр. Мұстафаның есімі еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдардан қазақ жұртымен бірге атала бастады. Сол аты аңызға айналған атпал азаматтың қапияда бақилыққа айналып кеткеніне де жиырма жылға жуықтап қалыпты. Ал Мұстафа тірі тұрғанында, биылғы күзде алпыс деген асқаралы жастың асуынан аттаған болар еді.
«Мұстафа Қазақстан тәуелсіздік алғанда сырт жақтағы ерекше қуанған қандастарымыздың бірі болды. Жәй қуанып қана қоя салған жоқ, оның алғашқы елең-алаң кезінен елімізге келіп, оның әлем алдындағы беделі мен бағасы өсуіне бір кісідей атсалысты. Осында өзінің атында мектеп ашып, таэквондодан кейін халықаралық жарыстарда атой салатын талай шәкіртті тәрбиелеуге бел шеше кірісіп кетті. Оның осылай «қазақ» дегенде өзегін суырып беруге бар екенін айғақтайтын деректер жеткілікті», деп жазады газет.
Соның бірін Мұстафа өзі Түркияда жүргенде түскен көркем фильмнің кезінде көрсетеді. Сол картинада өзімен прототип іспеттес Мұстафа деген таэквондошы жігіттің образын сомдаған ол бір топ қарақшымен шайқас кезінде жалғыз өзінің көпке төтеп бере алмасын сезгесін, құр босқа шейіт болып кетпеуді ойлап, қараңғы бір қуысқа тығылып қалады. Оны әрі-бері іздеп таппаған жендеттер басшысы сосын: «Шын Мұстафа болсаң, шық!», - дейді. Мұстафа селт етпейді. Жендеттер тағы: «Жігіт болсаң, шық бері!», - деп айқайлайды. Мұстафада үн жоқ. Бір кезде төзімі түгесілген бандит: «Ей, Мұстафа, қазақ болсаң, шық бермен!», - деп қайыра дауыс қосады. Сол кезде «қазақ» деген нәсілді бәрінен жоғары қоятын Мұстафа бір өзі жасанған жауға қарсы атып шығады. Лентаның сценарий нұсқасына тап осы көріністерді өз қолымен кіргіздірген Мұстафа осылай өзінің қазақ үшін нендей ерлік пен қорлыққа да баруға сақадай сай екенін айғақтап береді.
Мұстафаның әкелері Алтайдан Қытайға асып, одан Үндістан барып, Пәкістан арқылы Түркия жеріне қалай жеткенін егжей-тегжейлі жаза келе, автор «Өзтүрік» тегінің қайдан шыққаны туралы да сыр шертеді. Сосын Мұстафаның Тайванда білім алып, сол жерде атақты актер Брюс Лимен бірге оқығандығы туралы деректерді келтіре келе, «Мұстафа өте сауатты, өресі биік, талғамы жоғары азамат болған. Соның арқасында, ана тілін қоспағанда, әлемнің алты бірдей тілінде еркін сөйлеген. Сонымен қатар, туған халқының дәстүрі мен салтын, мәдениеті мен дінін аса қатты құрметтеген» дейді мақала авторы.
Мұстафа Тайваньнан кейін алдымен Түркияда, сосын Германияда тұрақтап, өзінің атында мектептер ашты. Кейін осы үрдісті қасиетті Қазақ жеріне де әкелді. Ата-баба жерін қатты қастерлеген абзал азамат 1992 жылы түп-тамыры жатқан Тарбағатай аумағына анасын, енесін, әйелі мен ұлын алып, ұшып келді. Бұл сол заман үшін үлкен жаңалық еді. Марғасқа Мұстафа сол арқылы өзінің бабалар жұртымен бірге жаратылғанын паш етіп қайтты.
Осындай атадан асып туған арда ұлын туған елі деп әрдайым мақтан етіп отырады. Соның айғағы, республикадағы спортсүйер қауым Мұстафаның жасы алпысқа толатын шақты атап өтуді бастап кетті.
***
Телефон арқылы «жарылғыш қондырғы қойылған» деп жалған ақпарат беру соңғы уақытта көп тараған құбылысқа айналып отыр. Алайда «телефон терроршылары» немесе «қалжыңқойлар» өздері жасаған әрекеттен мемлекетке орасан зор көлемде шығын келетіндігін, сондай-ақ мұның соңы қылмыстық жауапкершілікке апарып соғатындығын қаперге алмауда. Осындай парықсыздықтың кесірінен өткен жылмен салыстырғанда мұндай оқиғалардың көлемі анағұрлым өсе түсуде. Егер 2012 жылы жалған ақпарат таратуға қатысты 8 оқиға тіркелсе, 2013 жылы құқық қорғау органдары 16 оқиғаны тіркеген. Ал үстіміздегі жылдың небәрі үш айы ішінде үш оқиға орын алып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жалған ақпарат таратушы «терроршылардың» мұндай іс-әрекеттері салдарынан мемлекетке едәуір көлемде материалдық шығын келетіндігі ақиқат. Бұл туралы «Айқын» газеті «Жалған лаңкестікке жол жоқ!..» атты мақаласында жазып отыр.
Бұрын терроризм актісіне қатысты жалған ақпар берген адамға 200-ден 500 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе бір жылдан екі жылға дейін еңбекпен түзеу жұмысына тарту болмаса екі жыл мерзімге бостандығын шектеу немесе осындай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын.
Ал қазіргі күні мұндай қылмыстық әрекетке барған азаматтарға 200-ден 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе жеті жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу, иә болмаса алты жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
2015 жылы әлем таныған, елінің тәуелсіздігі үшін күресумен өткен Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 жыл толмақшы. Осыған байланысты ол кісінің 125 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде еліміздің әрбір түкпірінен баспа беттерінде бірен-саран мақалалар шығып, аяқсыз қалып жатыр. Дегенмен осындай әлем таныған тұлғаға өз елінде мемлекет тұрғысынан не себепті көрнекті етіп Астанамызда немесе Алматыда тұғырлы ескерткіш орнатпасқа? Мұстафа бір ауылдың, немесе Қызылорда облысының ғана азаматы емес, бүкіл түркі әлемінің бетке ұстар, елі үшін жанын пида еткен күрескер, елінің тілеуқоры емес пе? дейді «Мұстафа Шоқай» атындағы қордың төрағасы Базарбай Атабаев «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Шоқайға мемлекеттік деңгейдегі құрмет қажет» атты мақалада.
Қызылорда қаласындағы, туған ауылындағы, Шиелі ауданындағы, т.б. жерлердегі Мұстафаға қойылған ескерткіштер мен көше, мектеп атаулары және айта берсек, Франциядағы Мұстафа Шоқайдың тұрған үйінің жанына орнатылған ескерткіш те, жергілікті жердің ұлтжанды, бетке ұстар азаматтары мен мұстафатанушылардың ынта-екпіні мен қаржысына орындалған жұмыстар. Мұстафа ел тәуелсіздігі үшін күресіп өткен ұлтымыздың мақтанышы емес пе? Сол сияқты ол кісінің мерейлі даталарын ЮНЕСКО деңгейіне де іс-жоспар, бағдарламасына енгізуге болады ғой деп ойлаймын. Мұстекеңнің мерейтойын ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп, тойлап келе жатырмыз. Бұл жолы да солай жасармыз. Бірақ дегенмен мемлекеттік тұрғыдағы күрескерге мемлекеттік деңгейде құрмет көрсетілсе екен. Алматыдағы Р.Сүлейменов атындағы университеттің профессоры Көшім Есмағамбетов Мұстафа Шоқай туралы «Әлем таныған тұлға» атты кітап шығарса, қазір ол кезінде Иманғали Тасмағамбетов елге жеткізген Мұстафа Шоқайдың еңбектерінің жүйесі бойынша 12 томдық кітаптарын аяқтап қалды, дейді автор.
«Польшаның архивтерінде де «Прометей» ұйымының жұмыстары шағусыз жатыр. Мұстафа Шоқай сол «Прометей» ұйымымен тікелей араласып, «Яш Түркістан» журналын шығарғанын көпшілігіміз білеміз. Мұстекеңнің көп еңбектері сол архивте жатқанын мұстафатанушы Бақыт Садықова да айтады. Бірақ сол мұрағатқа кірейін десе, қаржы тапшылығынан қиналатынын айтады. Осы жұмыстарды мемлекетіміз болып қолға алуға болмас па екен? Меніңше, Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығы жетім баланың тойындай емес, мемлекет, ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтіп жатса, ол - ұлтымыздың да, мемлекетіміздің де абыройы», дейді Б. Атабаев.
***
«Литер» газетінің жазуынша, Қазақстанда автомобиль құрастыру саласының мамандары жетіспейді. «Қазақстанның автомобиль өндірісі 15 мың кәсіби маманға зәру» атты мақаласында басылым осы мәселені көтеріп отыр.
Газеттің жазуынша, еліміз бірнеше жылда әлемге белгілі маркаларды құрастыруды меңгеріп алды. Қазіргі кезде «Made in Kazakhstan» деген белгімен шығатын автомобильдер өндірісіне 6500-ден астам маман тартылған. Олардың қолынан 30 мыңнан астам көлік құрастырылып шығарылды. Ал алдағы бес жыл көлемінде бұл көрсеткішті 200 мың көлікке дейін көтеру көзделген. Алайда мұндай межеге жету үшін кәсіби мамандар ауадай қажет. Дегенмен оларды шам алып іздесең де таппайсың. Автомобиль саласында мамандар дайындау жұмысы енді ғана жүйелі түрде қолға алына бастады. Сарапшылардың мәліметінше, қазір жас маманды жұмысқа алған соң да оны өндіріске жіберу үшін қыруар қаражат пен уақыт жұмсап, оны тағы да оқытуға мәжбүр болуда. Алдымен үш ай бойы өндірістің қалай жұмыс істейтінін үйретеді, сосын жарты жыл бойы жұмысшы өндірістің технологиялық үдерісіне сіңісіп кету үшін оқытылады. Сонымен қатар, өндірістерде 50 шақты шетелдік мамандар қызмет етуде. Бұл біздің персоналды қайтадан бастан аяқ оқытып жатқан жоғары дәрежелі топ-менеджерлер. Бұл да амалсыздан жасалып отырған қадам, өйткені елімізде қазір автомобиль жасауға бағытталған мамандықтар жоқтың қасы, деп жазады басылым.
***
Қазақстандық ғалымдар ұлттық сусынды жетілдірді, деп жазады «Казахстанская правда» газеті «Кумыс в... таблетках» атты мақаласында.
Басылымның атап өтуінше, оны М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессор Нина Горбатовская басқарған бір топ ғалымдары ойлап шығарған. Ол нанотехнологияларды пайдалана отырып қасиетті қымыздың барлық пайдалы құрамдарына еш өзгеріс енгізілмей, туристік сапарлар мен алыс жолға шыққанда таптырмас өнім ретінде жасалған.
Бұл шығармашылық топ бұған дейін дәрілік өнімдер, құрғақ ұнтақ, сусабын, сұйық және қатты сабындар, гелдер, шай және басқа да адам денсаулығына пайдалы өнімдер ойлап тапқан болатын. Сонымен қатар, нанодән жасап шығарған, одан дайындалған ұн өнімдері, яғни нан және басқа да өнімдер йодқа, темірге, ақуыздарға, дәрумендер мен басқа да пайдалы микроэлементтерге өте бай болып келеді, деп жазады басылым.