Ғалымның айтуынша, бұл күндері суға шомылуға халықтың белгілі бір санаты, атап айтқанда, экстремалды әрекеттерді жасауды жақсы ұнататындар жиі қатысады. Сондай-ақ, көп адам аталған рәсімге қатысу үшін тиісті дайындық қажет екенін ескермейді.
«Дене шынықтыру — іс-әрекеттердің тұтас кешені. Әдетте, бұл суық суға түсер алдында денені үйрету аралығын қамтиды. Шоқыну рәсіміне келер болсақ, адамдар көбінесе экстремалды әрекеттерді жасауға әуес, мысалы, қорқынышты жеңу, суық ауа-райында шешіну, мұзды суға түсу, ауырсынуды сезіну, соңынан жетістікке жеткендей сезіну. Мұндай эмоция адам тауға шыққан кезде де болады, ұзақ жолды жүріп өткенде де эмоционалды қанағат сезіміне бөленесің», — дейді Бауыржан Қасенов.
Алайда, суық суға түсуге дайын емес көп адамдар «ерлік жасауға» тырысады екен.
«Айту керек, диваннан тұра салып, мұзды суға түсу өлімге әкелуі мүмкін. Бұл ретте мынадай қауіпті факторлар бар: гипотермия, қан қысымының күрт көтерілуі, тонзиллит, тамақ ауруы, пневмония секілді созылмалы инфекциялардың өршуі. Әрине, бұл әр адамда болмайды. Алайда, мұндай жағдайларда белгілі бір пайыз орын алған. Адам суға кіргенде қан тамырларының күрт жиырылуын сезінуі мүмкін. Оған қоса ауырсынудан тітіркену пайда болады. Стресстің бірнеше түрі болады, бұл ретте тыныс алудың рефлекторлы тоқтауы немесе жүрек тоқтауы мүмкін. Ешкім байқамаған жағдайда адам су астына, мұз астына кетуі мүмкін. Онда оны құтқару қиынға соғады. Жүрегі кенет тоқтап қалса, адамды шығарып алу үшін қауіпсіздік арқандарын қолдану қажет», — деді ғалым.
Бауыржан Қасенов қазақстандықтарды суға шомылу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға және ауа райы жағдайын ескеруге шақырды.
«Шомылуға арналған орындарда қауіпсіздік ережелерін есте ұстаған жөн, ол жерде үш адамнан артық адам тұрмауы қажет, суға шомылу рәсімі тек құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің бақылауымен жүзеге асырылуы қажет. Суға кірмес бұрын жылынуға арналған жаттығуларды жасауға болады. Шомылу рәсімінен соң денеңізді сүлгімен ысқылап, жылы киім киіп, ыстық шай ішу керек. Суға шомылу барысында денсаулығыңыздың нашарлағанын сезсеңіз, шомылу орнындағы кезекші дәрігерге дереу хабарласуыңыз қажет», — деді Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің патофизиология кафедрасының доценті Бауыржан Қасенов.