ШОЛУ: «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы - тарихилығымен ерекшеленетін құжат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол -болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы - өзінің тарихилығымен ерекшеленетін кезекті құжат.

Бұл құжатта, бұдан бұрынғы қол жеткізілген нәтижелер сараланып, енді осыдан соң тың міндеттерге бағыт беріліп, соны жүзеге асыруға бар күш-жігер жұмылдырылмақ. Ұлттық қордан 2015, 2016, 2017 жылдарға, әр жыл сайын үш миллиард доллардан қаржы құйылуы соның берік кепілдігі іспеттес. Сондықтан да бұл жолдау қазіргі кезеңнің өзінде де өзектілігін жоймаған, маңызы айырықша, ел өміріне тың серпіліс әкеледі деп сенім артқан құжат.

Ел экономикасына үлкен серпіліс беретін «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған басты бағыттарды жүзеге асыру барысындағы атқарылған жұмыстар «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігінің назарынан тыс қалған емес. Біз бүгін Елбасы Жолдауы жөнінде ақпан айындағы материалдардың шолу таспасын ұсынамыз.

 

Елбасы Жолдауы: Ел экономикасы басты назарда  

Мемлекетіміздің дамуы мен гүлденуі жолында қыруар еңбек атқарған Қазақстан Республикасының Президенті - Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі орасан зор екенін, еліміздің экономикасының жыл өткен сайын қарыштап дамығанын, халқымыздың әл-ауқатының өскенін бүкіл дүниежүзі көріп отырғаны баршамызға мәлім. 

Ақордада Үкімет мүшелерінің басын қосып, алқалы жиын өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын тағы бір мәрте пысықтап, Министрлер кабинеті мен барлық облыс әкімдерінің алдына жаһанды жайлаған дағдарыстың Қазақ еліне тигізер кері әсерінің алдын алуға бағытталған нақты тапсырмалар берді.

Отырыс барысында Қазақстан Президенті ең алдымен 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары аясындағы негізгі жұмыс бағдарының бірі қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету екендігіне баса назар аударды. «Ұлттық банк теңгенің еркін айырбас бағамы деңгейін сақтап, бағамның күрт ауытқуына жол бермей және долларсыздандыруды жалғастыра отырып,  тиімді ақша-несие саясатын жүргізуді қамтамасыз етуге тиіс. Бүгінде банктердің ликвидтілік алуына шектеу жоқ. Ұлттық банк қазіргі жағдайда дұрыс саясат жүргізіп отыр деп санаймын. Қаржы ахуалына күн сайын мониторинг жасауды жүзеге асырып, Үкіметпен бірге жедел шаралар қабылдаған жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Н.Назарбаев «Нұрлы жол» және индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды орындау, агроөнеркәсіп кешеніндегі басымдығы бар жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жұмыспен қамтуды және іскерлік белсенділікті қамтамасыз ете отырып, экономиканы одан әрі әртараптандыруға айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті және бірқатар бағыттар бойынша дағдарысқа қарсы қосымша шараларға қаражат бөлу жөнінде шешім қабылданғанына назар аударды.

Сонымен Елбасы ең алдымен еліміздің тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін «Нұрлы жол» бағдарламасына 2017 жылы жүзеге асыруға жоспарланған қаражатты 2016 жылға ауыстыру есебінен 360 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма берді. Аталған қаражаттың 53 миллиард теңгесі «Бәйтерек» холдингі желісі арқылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жалғастыруға, 149 миллиард теңгесі несиелік тұрғын үй құрылысына, соның ішінде 22 миллиард теңге салымшыларды жергілікті атқарушы органдар мен Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі арқылы несиелеуге бағытталады. Сонымен қатар, жекеменшік құрылыс компанияларын қолдау үшін «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы қайтарымды негізде 97 миллиард теңге бөлінеді.

 

Мұнан бөлек, жаппай тұрғын үй салынатын жаңа аудандарға инфрақұрылым тарту үшін әкімдіктер арқылы 61 миллиард теңге бағытталады. «Бұл жұмыстардың жауапкершілігі осы қызмет жүргізілетін өңірдің әкімдеріне  тікелей жүктеледі. Баспана құны әлеуметтік сипатта болуға тиіс екендігіне айрықша назар аударғым келеді», - деді Н.Назарбаев.

Қазақстан Президенті бұл шаралар 2016 жылы қосымша 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге және ІЖӨ өсіміне үлес қосуға мүмкіндік беретінін айтты.

Екіншіден, Н.Назарбаев 2016 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға жоспарланған, Ұлттық қор қаражатының бағам айырмасы есебінен қалыптасқан 194,5 миллиард теңгені бөлуді тапсырды. Осы қаражаттың 78 миллиард теңгесі «Нұрлы жолда» 2016 жылға қарастырылған инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетуге, соның 28 миллиард теңгесі апат жағдайындағы мектептерден және үш ауысымдағы оқытудан 2017 жылдың аяғына дейін толық арылу үшін 42 жаңа мектептің құрылысын салуға бағытталады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жеке компаниялардың басқаруына берілгенге дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының қаражаттарының сақталуы мен табыстылығын қамтамасыз етуді, бос зейнетақы жинақтарын 2016 жылы 1 триллион 450 миллиард теңге сомасында бірқатар бағыттар бойынша инвестициялауды тапсырды. Атап айтқанда, 500 миллиард теңге БЖЗҚ қаражатының әртараптылығын қамтамасыз ету және азаматтардың зейнетақы жинақтарының табыстылығын арттыру мақсатында сыртқы нарықтарда инвестициялау үшін шетел валютасына ауыстыруға бағытталады. Сондай-ақ 600 миллиард теңге екінші деңгейлі банктер мен ұлттық холдингтердің шартталған облигацияларын қайтарымды негізде және зейнетақы активтерінің сақталуы мен табыстылығын арттыру үшін нарықтық пайыздық мөлшерлеме арқылы сатып алуға жұмсалады.

Үшіншіден, Елбасы әлеуметтік саясаттың басымдығы бар міндеті жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашу болып саналатынына назар аударды. Осыған байланысты 2016 жылы Үкіметтің арнаулы резервінен қосымша 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлу тапсырылды. Аталған қаражаттың 63 миллиард теңгесі маңызы арттырылған Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға бағытталады. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес нысандарына жетіспей жатқан инфрақұрылым желісін тарту үшін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қосымша 15 миллиард теңге бөлуге тапсырма берілді.

«Көптеген елдер қиын жағдайда қалды және әлеуметтік кірістерін қысқартуға, жобаларын тоқтатуға мәжбүр болып отыр, нәтижесінде жұмыссыздық өсуде. Біз индустриялық нысандар салуды жалғастырып, жаңа нарықтарға жол ашып отырмыз. Дағдарысқа қарсы біздің экономикалық саясатымыз тек  экономикалық өсімнің жаңа жолдарын іздеу мен табуға ғана бағытталып отырған жоқ. Менің тапсырмаларымның бәрінің түпкі мақсаты - қарапайым адамның мұң-мұқтажы, оның әл-ауқаты мен тұрмысының тұрақтылығы», - деп түйіндеді отырысты ҚР Президенті.

Сонымен бірге «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға қосымша 194,5 млрд. теңге қосымша қаржы бөлінеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай тапсырма берген болатын.

Мемлекет басшысы 2016 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға жоспарланған Ұлттық қор қаржысына бағам айырмашылығы есебінен қалыптасатын 194,5 млрд. теңге соманы қосымша бөлуді тапсырды. Аталған қаржының 78 млрд. теңгесі 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасында көзделген инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жеделдетуге бағытталады. Оның ішінде 25 млрд. теңге 2017 жылдың соңына дейін апатты және үш ауысыммен білім беретін мектептерді толығымен жою үшін 42 жаңа мектеп салуға жұмсалатын болады.  

Жолдау аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы республикалық бюджетті нақтылау мәселесіне назар аударып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларға тиісті өзгерістер енгізуді жүктеді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне Үкіметке жүктелген тапсырмалардың атқарылуын бақылауды қамтамасыз етуді міндеттеді. Жиын соңында Елбасы басқа мемлекеттерде дәл Қазақстандағыдай дағдарысқа қарсы шаралар қолға алынбағанын, бұған көптеген мемлекеттердің күші де жетпей отырғанын атап өтті.

«Көптеген мемлекеттер күрделі жағдайды бастан кешіп отыр, әлеуметтік шығыстарын қысқартуға мәжбүр болып, қолға алынған жобаларды тоқтатып жатыр. Соның салдарынан көптеген елдерде жұмыссыздық өршіп тұр. Біз индустриялық нысандар салуды жалғастыратн боламыз, жаңа нарықтар да ашылады. Жалпы алғанда біздің дағдарысқа қарсы экономикалық саясат экономикалық өсімнің жаңа көздерін ашу мен иеленуге ғана бағытталып отырған жоқ. Менің барлық тапсырмаларымның өзегі  - қарапайым халықтың ділгерлігінен шығып, жұртшылықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрақтылыққа негізделеді», - деді Президент.

Жоспардың екінші бағыты - «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде экономиканы қолдау шараларын кеңейту. Айта кетерлігі, 2016 жылы Ұлттық қордан қосымша қаржы тартпастан, Қазақстан экономикасын қолдау мақсатында 1 трлн. 278,4 млрд. теңге бөлінетін болады. Соның ішінде 2017 жылғы «Нұрлы жол» бағдарламасына қарастырылған 3 млрд. доллардың 1 млрд. доллары 2016 жылға ауыстырылады. Сондай-ақ, 2016 жылғы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Ұлттық қордың қаржысымен бағамдық айырма арқылы 194,5 млрд. теңге жинақталады. Осылайша, бюджеттік есеп-қисап арқылы «Нұрлы жол» бағдарламасының инфрақұрылымдық дамыту жоспарлары іске асырыла бермек. Айта кетерлігі, «Нұрлы жол» аясында қамтылатын қадамның бірі құрылыс, соның ішінде тұрғын үй құрылысына да қатысты болып отыр.

Үкімет отырысында әйгілі болған басты әрі жағымды жаңалықтың бірі де осы - баспана салуға басымдық беру. Бұл ретте экономиканың негізгі бағыттарын қолдау үшін Үкімет алдағы уақытта тұрғын үй құрылысы саласының қарқынына дем бермек. Сол кездегі  Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, дағдарысқа қарсы қосымша шаралар 2016 жылы баспананы пайдалануға беру болжамын екі есеге арттырады. Жедел ақпарат бойынша өңірлерде жобалардың алдын алу пулы қалыптастырылған.

«Бюджетті нақтылағанға дейін тізім пысықталып, жергілікті атқарушы органдармен келісіледі. Қабылданған шаралардың арқасында жоспар бойынша ескерілген 2016 жылға 516,5 мың шаршы метр баспананың орнына, биыл 1,5 млн. шаршы метр тапсырылады және 2017 жылы 540 мың шаршы метр пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде ІЖӨ өсіміне 0,5 пайыз деңгейінде үлес қосады. Сосын 70 мыңнан астам қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көлемі мен талаптарына енген өзгерістерді ескере отырып, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына да тиісті өзгертулер енгізіледі», - деді министр Досаев.

Оның сөзіне қарағанда, Елбасы тапсырмасына сәйкес, биылдың 1 маусымына дейін 2025 жылға дейінгі дамудың жаңа стратегиялық жоспары дайындалады. Соның аясында Қазақстандағы тұрғын үй құрылысын дамыту атты бөлім белгіленіп, ол бойынша жаңа тұжырымдық қадамдар әзірленеді. «Сондай-ақ, биыл Астана мен Алматыда бір шаршы метр тұрғын үйдің құны 240 мың теңгеден аспайды, ал қалған өңірлерде 200 мың теңгеден. Құрылыс салушыларға қойылатын негізгі талаптарға тоқталатын болсақ, тартылған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен жер телімінің және мемлекеттік сараптамамен жобалау-сметалық құжатнаманың болуы, 20 пайыздық жеке капиталының қатысуымен кірісуі қамтылған. Осы бағыт бойынша 2016 жылы 404 мың шаршы метр тұрғын үй салынады», - деді министр. Сөйтіп, Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар жоспарын тағы бір мәрте жетілдіріп, пысықтады. Ендігі кезекте осыған негізделіп бюджетке де түзету енгізіледі.

 Елбасы Жолдауы: Инфрақұрылымдық жобалар

«Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жариялағалы отырған Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады», - деп атап өткен болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» ауқымындағы Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды шапшаңдату үшін 2016 жылы 76 млрд. теңге бөлуді тапсырды. 

 «Нұрлы жол» инфрақұрылымын қаржыландыруға бөлінетін қаражат биыл 807,5 млрд. теңге мөлшерінде айқындалды. Бұл туралы «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеген болатын.

«Бюджеттің негізгі параметрлеріне сәйкес, түсімдері 7 трлн 364 млрд теңгеге немесе бекітілген бюджетпен салыстырғанда 424,9 млрд теңгеге ұлғайтылып отыр. Республикалық бюджеттік кірістері болжам бойынша (трансфертті есепке алмағанда) 2016 жылы 3 трлн 365,3 млрд. теңге. Бұл негізінен мұнайға арналған кедендік баж ставкасын 40 доллардан 20 долларға дейін төмендеуінен қалыптасып отыр және жалпы алғанда осы мәселе кірісті 206 млрд теңгеге төмендетеді», - деді Б. Сұлтанов. 

Оның айтуынша, «Нұрлы жол» инфрақұрылымы жобаларын қаржыландыруды жалғастыру үшін Ұлттық Қордан берілетін нысаналы трансферт 240 млрд теңгеге ұлғайып, 807,5 млрд. теңге мөлшерінде айқындалады.

Сонымен бірге Б. Сұлтановтың хабарлауынша, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен 13 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Министрдің айтуынша, бюджет шығыстарының ішінде Үкіметтік арнайы резервтерді қайта бөлу есебінен 63 млрд теңгені «Жұмыспен қамту жол картасында» өзектендірілген шараларды қаржыландыруға көзделеді.

«Қаражат негізінен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен жұмыспен қамтамасыз етуге, микрокредиттер бөлуге, еңбек жастары үшін жатақхана салуға, сонымен бірге, жұмыс орындарын сақтау мен оқытуға байланысты шараларға жұмсалмақ. Жалпы алғанда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде 13 мыңнан астам жұмыс орындарын құра отырып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына шамамен 60 мың адамды қамту жоспарланды», - деді Б. Сұлтанов.

Сонымен қатар  ҚР Қаржы министрі Үкімет ағымдағы бюджет шығыстарын  600 млрд. теңгеге ұлғайтып, бұл 8 трлн. 266 млрд. теңге шамасында болжанатынын айтты. Бюджет шығыстарының өсімі Ұлттық қордан берілетін 240 млрд. теңге шамасындағы нысаналы трансферт пен 360 млрд. теңгенің кіріс көздерімен теңгерімделеді.

«Жалпы кірістер көзі өткен жылдан жинақталған 179 млрд. теңге шамасындағы кассалық қалдықтарды, трансферттерді, сонымен бірге шетелдік валютаға қатысты бағамды қайта есептеуден қалыптасатын болады. Сонымен қатар, Ұлттық Қордан алынатын қаражат көздері ұлғаймайды және белгіленген шектен аспайды», -деді Б. Сұлтанов.

Оның айтуынша, бюджеттің шығыс бөлігіндегі өзгерістер негізінен әлеуметтік бағыттағы өзгерістерді қамтиды. Бұның ішінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің әлеуметтік салаға арналған шығыстары бекітілген жоспардан 124 млрд. теңгеге ұлғаяды және 2 трлн. 898 млрд. теңгені құрайтын болады.

Бұдан бөлек Б. Сұлтанов «Нұрлы жол» жобаларына бөлінетін қаражат биыл 807,5 млрд. теңге мөлшерінде айқындалғанын жеткізді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы көліктік-инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы барысымен танысу мақсатында  «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында барған болатын. Асқар Мамин барлығы 15 шақырымдық уақытша пайдалануға берілген Боржақты-Ерсай жаңа темір жол желісінің қызмет барысын қарап көрді. 

Өткен жылғы маусымның 15-інде пайдалануға берілген желіде Құрық портына дейін қозғалыс басталып, Каспий теңізі жағалауында паром кешені құрылысына дейін жеткізілген. 

Ерсай станциясынан Құрық портына дейін темір жол тартылады. Қазіргі кезде онда темір жолдың үстіңгі қабатына қажетті құрылыс материалдары дайындалып жатыр. Ерсай станциясы темір жолының кіре берісіне 120 мың текше метр топырақ қабаты төселді. 
Жылына 4 миллион тонна жүк өткізу әлеуеті бар паром кешені арқылы астық, мұнай өнімдері, тыңайтқыш, химикаттар тасымалданады. Сонымен қатар, Каспий аймағындағы көршілес мемлекеттерден келетін жүктер де тасылады.

Құрық портының паром кешенінің бірінші кезеңі 2016 жылғы желтоқсанда пайдалануға беріледі.

 

Елбасы Жолдауы: Жаңа индустрияландыру

Елбасының Жолдауында Жаңа индустрияландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Ол өз Жолдауында Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталғанын айтып өткен болатын. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырған еді. Индустрияландыру картасы аясында қандай жаңа жобалар қолға алынбақшы, өңірлерде қандай жұмыстар атқарылып  жатыр? Осы жайлы тоқтала кетейік...

Батыс Қазақстан облысында Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауынан және басқа бағдарламалық құжаттардан туындайтын мақсат-міндеттерге сәйкес кәсіпкерлік және өнеркәсіп салаларында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру биыл да жалғасады. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Миржан Сатқанов мәлім етті.

Оның айтуынша, 2015-2019 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартып, бизнестің дамуына жағдай туғызу, сондай-ақ 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы және экономикадағы өсімді қамтамасыз ету жөніндегі республикалық, облыстық жоспарларды орындау бағытында жұмыстар жалғасын табады. Оған қоса отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау бағытында жергілікті үлесті көбейту жөнінде форумдар барысында қол қойылған меморандумдарды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінбек. Сондай шаралардың нәтижесінде биыл өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 110 млрд теңге немесе 100,5 пайыз болады деп жоспарлануда.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту үшін биыл республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге қаралып отыр. Екінші деңгейдегі банктер несиесі бойынша пайыздық мөлшерлемені демеуқаржыландыру, несиелерді кепілдендіру, өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді грантпен қаржыландыру үзілмейді. Ауыл халқын шағын несиелендіру аясында «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес 489 млн. теңге және моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету бағытында 152 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл ауыл тұрғындарының несиеге жеңілдікпен қол жеткізуіне жол ашады.

Өңір экономикасының негізін өнеркәсіп өндірісі құрайды, оның жалпы аймақтық өнімдегі үлестік салмағы - 53 пайыз. Республика бойынша Батыс Қазақстан өнеркәсіп өнімінің 9 пайызын шығаруды қамтамасыз етеді. Облыста 346 өнеркәсіп кәсіпорнында 22 мыңнан астам адам еңбек етуде.

Сыртқы және ішкі факторлар, әсіресе, әлемдік мұнай нарығындағы қолайсыз жағдай облыс экономикасына, соның ішінде өнеркәсіп саласына әсер етпей қалған жоқ. 2015 жылы өңірде 1259,8 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл 2014 жылмен салыстырғанда, 94,7 пайыз. Облыс еліміздегі газ конденсатының 97, газдың 44 пайызын өндіреді. Өткен жылы жергілікті үлесті дамыту мақсатында облыс әкімдігі, ұлттық компаниялар, сондай-ақ ірі жер қойнауын пайдаланушылар мен өнеркәсіп кәсіпорындары арасында 44,9 млрд. теңгеге 39 меморандумға қол қойылды. Осы меморандумдар аясында 38,6 млрд. теңгеге 385 келісім жасалды, деп М. Мұнайдарұлы өткен жылдың қорытындыларына тоқтала кетті.

Оның айтуынша, өңір экономикасына құйылған инвестицияның 354,7 млрд. теңгеге жетіп, 28 пайызға артқан. Негізгі қаржыға қосылған сыртқы инвестициялар үлесі жөнінен облыс республикада екінші орынды иеленеді. Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 57,1 пайызға өсіп, 19,5 млрд. теңгені құрады.

Инвестиция тарту мақсатында индустриялық аймақ құру жұмысы жүргізілуде. Құрылыс қызметі, құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндіру, энергетикалық құрылғылар, тоқыма және тері бұйымдары, тұрмыстық химия саласында бес бірдей түрік компаниясы аймақ құруға мүдделілік танытып отыр. Қазіргі кезде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды.

Соңғы жылдары облыста жаңа өндіріс орындарын іске қосу жандана түсті. Мысалы, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ General Electric компаниясының технологиясы негізінде газтурбиналы қондырғыларды және автоматика мен басқару жүйесін жөндеу мен қызмет көрсету сервистік орталығын ашты. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС Германия, Италия, Швейцария жабдықтары негізінде жылына 10 мың дана күштік трансформатор өндіретін жобаны іске қосты. Тез жүретін «Айбар» күзет катерін шығаруды жолға қойған «Орал «Зенит» зауыты» АҚ индустрияландыру картасы аясында су ығыстырылымы 600 тоннаға дейінгі, құны 458,8 млн. теңге тұратын кемені осы жылдың екінші жартыжылдығында құрастырып бітіруді көздеуде. Болашақта су ығыстырылымы 720 тоннадай, көп қырлы қызмет атқаратын «Бұлан» және басқа кемелер құрастырылмақшы. Сол үшін №16 корпусты қайта құру ісі жүргізілуде.  Сондай-ақ зауыт ресейлік «Газпром автоматизация» ААҚ-пен бірлесіп газ тарату тармақтарын шығармақшы. «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ биыл франциялық «ECAROBOTICS» компаниясымен бірлесіп су асты робот техникасының базалық үлгісін игермекші. Содан кейін шетелдік компания робот техникасының басқа бағыттары бойынша ынтымақтастық аясын кеңейтеді. Бұған қоса «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ базасында индустрияландыру картасы аясында шағын катерлер өндірісі жаңғыртылып, түрлері көбейтілмек. Бұл жобаның құны - 300 млн. теңге. Сол секілді «Оралагрореммаш» АҚ базасында венгриялық EVOРRО компаниясымен бірлесіп жолаушылар автобусын шығару жөнінде келісім жасалды.

Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттың бірі шағын және орта бизнесті дамыту екендігі белгілі. Облыста осындай 45,4 мың нысан болса, онда еңбек ететіндер 2,9 пайызға өсіп, 108,1 мың адамға жетті.

Ал Индустрияландыру картасы аясында облыста 327,2 млрд. теңгеге 40 инвестициялық жоба (2264 жұмыс орны) жүзеге асырылуда. Бірінші бесжылдықта 257,9 млрд. теңгеге 32 жоба (1890 жұмыс орны) іске қосылса, соның 27-сі жоспарлы қуатының 70 пайыздан астамына, екеуі 50 пайыздан астамына шықты.

Екінші бесжылдықта 69,3 млрд. теңгеге 8 жобаны (374 жұмыс орны) жүзеге асыру жоспарланса, соның екеуі (17,1 млрд. теңге, 73 жұмыс орны) өткен жылы мәреге жетті. Атап айтқанда, Бөкей ордасы ауданында Б.Жұмағұлованың жеке кәсіпкерлігі сүт өндіретін цех салса, Зеленов ауданы Белес ауылында «Батыс Пауэр» ЖШС газтурбиналы электр стансасының бірінші кезегін (100 МВт) пайдалануға берді.

Биыл облыста құны 51,8 млрд. теңге бес жобаны (246 жұмыс орны) іске қосу жоспарлануда. «Аквамәдени тәжірибе-өнеркәсіп өндірісі оқу-ғылыми кешені» ЖШС қара уылдырық пен тауарлы бекіре өндіретін аквамәдени кешенін қолға алса, «Конденсат» АҚ К5 экологиялық сыныптағы моторлы отын өндіріп, Қазақстанның батыс өңірін сапалы бензинмен қамтымақшы. Сондай-ақ «Родник» фирмасы» ЖШС құтыға құйылған ауыз су өндірісі кешенін, «СпецстройСервис» ЖШС ұсақ бетон бұйымдары зауытын, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ құрғақ салмағы 600 тоннаға дейінгі және басқа жаңа тұрпаттағы ірі кеме өндірісін іске қоспақшы.

Өткен жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес кәсіпкерлікті дамытуға 2,6 млрд. астам теңге жұмсалды. Несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені демеуқаржыландыруға 1,8 млрд. теңге, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 560 млн. теңге, ішінара кепілдендіруге 252 млн. теңге, грант үшін 11 млн. теңге берілді. Индустриалдық инфрақұрылымды дамыту бағытында үш жобаға 515,9 млн. теңге, соның ішінде Ұлттық қордан 383,9 млн. теңге бөлінді.

Кәсіпкерлік нысандарының 5,9 млрд. теңгені құрайтын (несиелер мен жетпейтін инфрақұрылымдар) 108 жобасы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды.

Ағаш өңдеу, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі саласында 11 млн. теңгені құрайтын 11 тегін грант берілді.

Бағдарламаға қатысушылар жобалар нәтижесінде 5,4 мың жұмыс орнын сақтап, 921-ін жаңадан ашпақшы. Күні бүгін 125 жаңа жұмыс орны пайда болды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 2015 жылы республикалық бюджеттен 465,706 млн. теңге мақсатты трансферт бөлініп, ауыл кәсіпкерлеріне 231 шағын несие үлестірілді. Кәсіпкерлік негіздері бойынша 250 адам оқып, 312 жұмыс орны ұйымдастырылды.

Моноқала болып есептелетін Ақсайдағы кәсіпкерлер үшін 300 млн теңге қаралса, соның 192 млн теңгесі несие жүгін жеңілдетуге, 10 млн. теңге грант, 107 млн теңге шағын несие түрінде берілді. Кәсіпкерлердің 2,2 млрд теңгені құрайтын 23 жобасы мақұлданып, бес грант қолға тиді.

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында қоғамдық бірлестіктер, соның ішінде, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік бөлімшесі де өз жұмыстарын атқаруда.

Ал Атырау облысында Индустрияландыру картасы бойынша 2015 жылы 45 жобаның 10-ы іске қосылды. «Жақын арада жылына 2,6 млн. дана бөдене жұмыртқасы мен 2,4 тонна бөдене етін өндіретін зауыт жұмыс істей бастайды. 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүнін өңдеу және 400 мың метр шұға мен көрпе-жамылғыш шығаратын трикотаж фабрикасы ашылды», - деген болатын аймақ басшысы Б. Ізмұхамбетов жергілікті халықпен есепті кездесуінде.

Өңір басшысы алдағы жоспарлар туралы да айтып өткен болатын.

«Облыста фармацевтикалық зауытты іске қосу көзделген. Зауыттың жалпы көлемі - 42 мың шаршы метр. Болжанған қуаттылығы жылына 800 млн. дәрі, 300 млн. капсула, 78 млн. ампула, түрлі дәрілік препараттардың 12 млн. Сауытын шығарады. Жаңа бройлерлік құс фабрикасы 2,6 мың тоннадан астам құс етін шығармақ. Бұл облыс сұранысының 90% қамтамасыз етеді. Тағы бір ерекше жоба - Исатай ауданында жел арқылы жұмыс істейтін жабдықтар орнатылады. Қуаттылығы - 52МВт. Жоба құны 12,3 млрд.теңге, қаржыны жеке кәсіпкерлер бөлді», - деді облыс әкімі.

Шағын және орта бизнесті дамыту үшін 200 млн. теңге бөлінді. 49 нысанда 111 жұмыс орны ашылды. Ұлттық қор арқылы 38 нысанның 7,6 млрд. теңге сомасы қаржыландырылды.

Тұрғын үй құрылысында да өсім байқалады: 550 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бюджеттік қаражат есебінен 1 мың 205 пәтерлі 41 тұрғын үй қолданысқа берілді.

Тұрғындарды әлеуметтік қорғауға да көп көңіл бөлінеді.

««ЭмбіМұнайГаз», «ТШО» және «НКОК» сияқты кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізіп отырамын. Олар жұмыс орнын қысқартпауға сөз берді. Сонымен қатар, 2 523 кәсіпорынмен меморандум жасастық. Онда 115 мың адам жұмыс істейді», - деді әкім.

Ал Жамбыл облысы Жуалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының өткен жылғы қорытындысы және Елбасының жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясындағы алдағы жұмыстар жайлы аудан әкімі Батырбек Күлекеев баяндады.

«Жуалы ауданы - аграрлы аймақ, сондықтан негізінен ауыл шаруашылығын дамытуға ден қойылады. Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 18,17 млрд. теңгені құрады, басым бөлігі мал шаруашылығына тиесілі», - деді аудан басшысы.

Б. Күлекеев 2015 жылы кәсіпкерлер 5,5 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсеткенін атап өтті. Бюджетке 169,3 млн. теңге түсті. Жуалы ауданында тіркелген 3 480 кәсіпкерлік субъектінің 98,5% істеп тұр.

Бұған мемлекеттің көрсеткен қолдауы зор болды, дейді әкім. 

2015 жылы негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 19,38 млрд. теңгені құрады. Бұл 2014 жылдың сәйкес мерзімімен 107,5% артық. Қолданысқа берілген тұрғын үйдің жалпы көлемі 1,5% артып, 8,6 мың шаршы метрді құрады. 120 орындық орта мектептің құрылысы аяқталды. Қошқарата ауылында 180 орындық мектеп салынып жатыр. «Еңбекпен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша үш мектеп пен бір балабақша жөнделді. Автомобиль жолдарының орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 217,1 млн. теңге бөлінді, - деді аудан әкімі.
Өткен жылы индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша құйылған инвестициялар есебінен күн көзінен қуат алатын қуаттылығы 50 МВт құрайтын «Бурное Солар-1» электр стансасы салынды. 

Жуалы ауданының тұрғындары үшін егіс алқабын суару мәселесі өзекті. Көксай каналын іске қосумен бұл мәселе ішінара шешілді. 
2015 жылы еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыссыз ретінде 1921 адам тіркелді, 1591-і жұмыспен қамтылды.

Қорыта айтқанда, осындай шаралардың бәрі қазіргідей жаһандық дағдарыс кезеңінде өнеркәсіп кәсіпорындарының өндірісін тұрақтандырып, тынысын ашумен бірге жұмыс орындарын барынша сақтауды көздейді.

***

Елбасы Жолдауы: Шағын және орта бизнесті дамыту

Президенттің айтуынша,  Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. «Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түсті. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет», - деп жазылған Елбасы Жолдауында.  

Енді аймақтарда шағын және орта бизнесті дамыту аясында жасалып жатқан жұмыстарға тоқтала кетейік.

Шығыс Қазақстан облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде бірқатар істер атқарылған. Бұл туралы Өскемен қаласы әкімінің есеп беру кездесуінде белгілі болды.

Өз есебінде Өскемен қаласының әкімі шаһардың дамуының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін атап айтты. Еліміздің өнеркәсібі мен сауда, кәсіпкерлік сынды барлық салаларына әсерін тигізген дағдарыс, қаланың дамуының статистикалық қорытындыларына да әсерін тигізбей қойған жоқ.

Алайда, мұның барлығы 2015 жылдың бас кезінде алға қойған мақсаттарды орындауға кедергі болмады. Атап айтар болсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде іс-шаралар атқарылып, барлық деңгейдегі бюджетке түскен салық түсімінің көлемі 107 пайызға өскен. Шағын бизнестегі белсенді кәсіпорындар саны азаймай, өз деңгейінде қалды.

Тек «Азия Авто» АҚ және «Востокмашзавод» АҚ сынды екі ірі кәсіпорындарында өндірістік өнім өсуінің қарқыны төмендегені байқалады.

Ірі кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелерінің басшылары қалалық әкімшіліктің жұмысына өз бағаларын берді.

Есеп беру кездесуін қорытындылай отырып, облыс әкімі Даниал Ахметов кемшіліктерге тоқталып, әлі де істейтін жұмыстардың көп екендігін жеткізді.              

«Жеке бизнеске қолдау көрсетіп, кәсіпкерлердің қаржысын әлеуметтік жобаларға салу үшін жағдай жасау тапсырмасы тұр. Мысалы, өткен жылы 2645 орынға арналған 28 балабақша ашылды. Олардың ішінде Өскемен қаласы бойынша 400 орындық, ал Семей қаласында 1047. Бұл жұмысты кім ұйымдастыру керек? Әр аудан мен қала әкімі», - деп сөзін жалғастырды аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі индустриалды-инновациялық аймақтар жобасына қатысты жоспарларды да сынға алды. Оның айтуынша жобалар қағаз бетінде емес, іс жүзінде болуы тиіс. Ал ол жүзеге асырылмаса, онда бұл туралы есепке жазудың қажеті жоқ.

Аймақ басшысы тұрғын үй құрылысы бағдарламалары туралы да айтып өтті. Тұрғын үйлер өз уақытында тапсырылмайды, жалпы сомасы 1 млрд. теңгеге тұрғын үйді пайдалануға берілмей қалды.

Өз сөзін қорытындылай отырып облыс әкімі 2016 жылдың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

«Біз таңғажайып заманда өмір сүріп жатырмыз.  25 жыл - бұл мемлекет тарихының алтынмен жазылған беттері. Жылдар өтіп, бірнеше ұрпақ өмір сүрер, дегенмен біздің өткен жолымызды, олардың ешқайсысы енді қайталамайды. Біз өз елімізді жақсы көреміз,  біз Қазақстанның патриоттарымыз, біздің патриоттығымыз әр күні, әр сағатта өз ісімізді сүйіспеншілікпен атқаруда», - деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ Таразда Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тұрғындармен аймақтың өткен 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша есептік кездесуі өткен болатын.

Жамбыл облысы ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті химия және азық-түлік өнеркәсібін дамытудың дамыған әлеуеті бар өнеркәсіптік-аграрлық аймақ болып табылады.

2015 жылы Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органдарының жұмысы Президенттің «Нұрлы жол - Болашаққа бастар жол» Жолдауында және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша белгіленген мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына бағытталған.

Өткен жылы облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 274,5 млрд. теңгеге өнім шығарды, физикалық көлемінің индексі 91,3 пайызды құраған.

Жамбыл облысында инфляцияның деңгейі Қазақстан бойынша қарағанда төмен - 2015 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш аймақта 112,9 пайызды (елде - 113,6 пайыз) құраған.

«Азық-түліктің тұтынушылық бағалары орташа алғанда 9,9 пайызға, басқа тауарларға - 20,7 пайызға, ақылы қызметтерге - 9,1 пайызға өскен. Инфляциялық процестерді тежеу мақсатында облыс орталығы мен аудандарда негізгі азық-түлік тауарлары, азық-түлікке жатпайтын тауарлар және ақылы қызметтердің бағаларын тұрақтандыру штабтары жұмыс істеуде», - деді К.Көкірекбаев.

2015 жылы негізгі капиталға түскен инвестициялар көлемі туралы айта келе, облыс әкімі бұл көрсеткіштің 226,6 млрд. теңгені, немесе 2014 жылға қарағанда 105,9 теңгені құрайтынын атап өтті.

«Бюджеттік салымдардың инвестициялардың жалпы көлеміндегі меншікті салмағы 39,9 пайызды, жеке қаражаттар - 40,8 пайызды, банк несиелері мен басқа қарыз қаражаты - 41,6 пайызды құрап отыр. 2015 жылы жалпы сомасы 30,5 млрд. теңгеге 6 инвестициялық жоба іске асырылып, мұнда 425 жаңа жұмыс орны құрылды. 2015 жылдың қорытындылары бойынша Индустрияландыру картасы бойынша пайдалануға берілген инвестициялық жобалардан шығарылған өнімнің көлемі 3,052 млрд. теңгені құрап отыр», - деді К.Көкірекбаев.

 Сонымен бірге соңғы жылдары Жамбыл облысында мектепке дейінгі білім жүйесінде мемлекеттік-жеке әріптестік белсенді дамып келеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, соңғы 5 жылда Жамбыл облысында 38 жеке балабақшалар пайда болды, оларда 3 513 бала тәрбиеленуде.

Аймақта барлығы 425 мектепке дейінгі мекемелер (258 балабақша және 167 шағын орталық) жұмыс істейді, оларда 45 399 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған бір жастан алты жасқа дейінгі балалар үлесі 53,3 пайызды құрап отыр.

Облыс әкімдігінде атап өткендей, 2010 жылы облыста екі жеке балабақша болған екен. 2014 жылдың өзінде ғана мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде облыста 11, ал 2015 жылы тағы 10 мектепке дейінгі ұйымдар ашылды. Таразда 23 балабақша мен бір шағын орталық жұмыс жасауда.

Облыс орталығында балалар бақшасын, мектепті, гимназияны біріктірген «Інжу» кешені жұмыс істейді. Осы мектепке дейінгі мекемеде балалардың толыққанды білім алып, тәрибиеленуіне барлық жағдай жасалған, әкімшілік және музыкалық залдары, медициналық бөлмелері, психолог кабинеті, бассейн бар. Пластикадан жасалған балалардың ойын кешендері орнатылған. Мұнда логопедтер, педагогтар, психологтар жұмыс істейді.

Өткен 2015 жылы тараздық «Аю» мейрамханасының иесі ғимаратты жаңғыртып, кеңейтті және 330 орындық балабақшаға лайықтап қайта жабдықтады.

Кәсіпкерлердің белсенділігі аймақтарда да байқалуда. Мемлекеттік-жеке әріптестік ауқымында Байзақ, Жамбыл, Рысқұлов аудандарында бір-бірден балабақшалар ашылды. Мерке ауданында осындай екі, Қордай ауданында сегіз балабақша мен бір шағын орталық бар.

 Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін бизнестің қатысуымен мемлекеттік-жеке әріптестік желілерін құру арқылы дамыту жөнінде айтылған. Кәсіпкерлік қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алуда. Кәсіпкерлер тұрақты кіріс келтіре отырып, халықтың балабақшаларға мұқтаждығын қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектесуде.

Елбасы Жолдауы: Құрылыс

Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту - Жолдаудағы өзекті мәселелердің бірі. «Агломерациялар қалыптастыру айтарлықтай тұрғындар ағынымен қатарласа жүреді. Бұл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның ішінде, тұрғын үй қорына қысым туғызады. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз», - деген болатын Мемлекет басшысы өз Жолдауында. Ендеше, бағдарлама аясында жүзеге асырылған жұмыстарға назар аудара кетейік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жеке құрылысшыларды қолдауға 97 млрд. теңге бөлу жөнінде тапсырма берген болатын.

Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысы дамуын одан әрі ынталандыру үшін 2017 жылға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға жоспарланған қаржының бір бөлігін 2016 жылға ауыстыру есебінен 360 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Аталған қаржыдан 53 млрд. теңге «Бәйтерек» холдингі арқылы жалдамалы баспаналар құрылысын жалғастыруға, жергілікті атқарушы органдар мен Тұрғынүйжинақбанкі арқылы салымшыларды несиелендіру үшін 22 млрд. теңгені қоса алғанда 149 млрд. теңге несиелік тұрғын үйлер құрылысына бағытталады. Бұған қоса, «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы қайтарымды негізде 97 млрд. теңге жеке құрылысшыларды қолдауға бөлінетін болады.

Мемлекет басшысы әкімдіктер арқылы жаппай тұрғын үй құрылысы жүргізілетін жаңа аудандарға инфрақұрылым тарту үшін 61 млрд. теңге бөлінетіндігін атап өтті.

«Бұл жұмыстардың жауапкершілігі аталған қызметтер жүзеге асырылатын ауданның әрбір әкіміне жеке-жеке жүктелетін болады. Тұрғын үй бағасы әлеуметтік бағдарланған болуы тиістігіне айрықша назар аудартамын», - деді Н.Назарбаев.

Қазақстан Президенті бұл шаралар 2016 жылы қосымша 1,5 млн. шаршы метр баспана тұрғызуға септігін тигізіп, ІЖӨ өсімін қамтамасыз ететіндігін баса айтты.

Алматыда  осы «Нұрлы жол болашаққа бастар жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 100 отбасы пәтер кілтін алған болатын.

«Бүгін 100 пәтер әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлері арасында бөлініп берілді. Бұл адамдар жергілікті атқару органдарында кезекте тұрған. Олар өздерінің төлем қабілеттілігін дәлелдеді», - деді қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Әзірет Есеев.

Оның айтуынша, Түрксіб ауданында Сауранбаев пен Толстой көшелерінде орналасқан тұрғын үйлерде 300 пәтер жалға беру тәртібімен таратылады. 

Қалған пәтерлер құжаты рәсімделген азаматтарға таратылып берілетін болды. 
Айта кету керек, аталған үйдің құрылысы Мемлекет басшысының «Нұрлы жол болашаққа бастар жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында салынды. 

Бұл бағытта ҚР Үкіметі 2020 жылға дейін өңірлердің дамуы бағдарламасын бекітті. 
Аталған бағдарламаның «жалға берілетін баспана» бағыты операторларының бірі - Қазақстан Ипотекалық компаниясы. 
«Салық кодексіне ұсынған өзгертулеріміз қабылданды. Енді біздің жалға алатын клиенттер 1 қаңтардан бастап, мүлік салығын жеке тұлға ставкасы бойынша төлейтін болды. Баспана 20 жылға жалға беріледі. Оны 5 жыл толмай өз меншігіне аударуға болмайды», - деді ҚИК өкілі Гүлжан Исабекова. 

Үш баланың анасы Самал Нұрболатқызы 2008 жылдан бері кезекте тұрған. Бүгін қоныс тойын тойлағалы отырған ана Мемлекет басшысына жүргізген саясаты үшін алғысын білдірді.

 Ал Алматы облысындағы Жаркент қаласында дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов қатысқан еді.

«Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әсіресе жастардың арасында салауатты өмір салтын дәріптеудің, спортта жоғары жетістіктерге жету мен бұқараның дене шынықтырумен, спортпен белсенді айналысуына қажетті барлық жағдайларды жасаудың маңызын жиі айтады. Сондықтан, спорт біздің өміріміздің өзегі, өскелең ұрпақтың негізгі болуы тиіс. Бүгінгі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы - кәсіби спортшыларға да, спортты жақсы көретін адамдар үшін де айтулы оқиға, - деді өңір басшысы А. Баталов.


Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ойын залы, бокс залы, тренажер залы, сол сияқты 480 орынды стадион, волейбол, баскетбол алаңдары бар.


Бүгінгі күні мұнда 925 жасөспірім спортпен айналысса, кешкі уақытта аудан тұрғындары бұқаралық спорт түрлерімен шұғылданады.
Кешен құрылысына 542,3 млн. теңге бөлінген.

Сонымен бірге Алматыда 2016 жылы әлеуметтік салада 25 бала бақша, 4 мектеп және бір емхана салынатын болады. Бұған 34,5 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы Алматы қаласы тұрғындарымен жылдық есептік кездесу барысында қала басшысы Бауыржан Байбек мәлім еткен еді.

«Алматыда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2015 жылы 110 аулалық спорт алаңқайлары салынды. Ал биыл қаламызда 34,5 млрд. теңгеге 25 жаңа бала бақша, 3 мектеп және бір емхана салынады», - деді Б. Байбек.


Сонымен қатар, қала басшысы Алматыда 2015 жылы тұрғын үй құрылысы қарқынды дамығандығын айтты.


«Алматыда «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде, жаңа ықшам аудандар салынып, қаланың батыс жағына қосылған жаңа аймақтар ауыз сумен қамтамасыз етілді. Алматыда 2015 жылы тұрғын үй құрылысы 3,2 пайызға өсті. Бір жыл ішінде 1 373,7 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 3000 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді. Қол жетімді баспана көлемі 1,4 есеге көбейді. Алдағы уақытта тағы 4000 мыңға жуық пәтер салынады», - деген болатын қала басшысы.

 ***

Түйін

Қорыта айтқанда, Елбасы әлеуметтік саясаттың басымдығы бар міндеті жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашу болып саналатынына назар аударды. Осыған байланысты 2016 жылы Үкіметтің арнаулы резервінен қосымша 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлу тапсырылды. Аталған қаражаттың 63 миллиард теңгесі маңызы арттырылған Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға бағытталады. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес нысандарына жетіспей жатқан инфрақұрылым желісін тарту үшін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қосымша 15 миллиард теңге бөлуге тапсырма берілді.  «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты жақын жылдардағы әлемдік экономиканың дағдарысы кезінде экономика өсімінің қозғалтқышы болып отырғаны сөзсіз. Мемлекетіміздің осындай экономикасының  қарыштап  өсуінің  барлығы да Елбасымыздың сарабдал саясатының негізінде жүзеге асып отырған бейбітшілік пен ұлтаралық татулықтың арқасы. Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында, әр өткізген жиындарында, сөйлеген сөздерінде ел экономикасын дамытуға қатысты бағыт-бағдар беріп отыратыны белгілі.