АСТАНА. ҚазАқпарат – Канаданың Монреаль қаласында шорт-тректен өткен әлем кубогі кезеңінде Қазақстан ерлер құрамасы 5 мың метрге эстафеталық жарыста күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрамында Абзал Әжіғалиев, Нұртілек Қажығали, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша бар қазақстандықтар финалда Италия, Канада және Оңтүстік Корея командаларымен сынға түсті.
Эстафета қорытындысында оңтүстіккореялықтар чемпион атанса, қазақстандықтар екінші, канадалықтар үшінші орынға ие болды. Пенальти алған италиялықтар жарыстан шеттетілді.
Жекелей сында Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта медаль үшін таласуға мүмкіндік беретін А финалына өте алмады. Ол В финалында екінші орынға ие болды. Ал Денис Никиша жартылай финалда пенальти алып, жарыс жолынан шығып қалды.
Әйелдер арасында 3 мың метрлік эстафетада Нидерланд, Канада және Италия қыздары үздік үштікке ілікті.
Қазақстан әйелдер құрамасы әлем кубогінің Монреаль кезеңіне қатысқан жоқ.
Әлем кубогінің келесі кезеңі АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтеді. Сондай-ақ желтоқсан айында Алматы қаласына да кезек тиеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын шорт-тректен ҚР құрамасы әлем кубогі кезеңінің финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).