Шорт-тректен ел біріншілігінде батысқазақстандықтар И.Симонова мен А.Бекжанов алдына жан салмады

ОРАЛ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Шорт-тректен Қазақстан құрамасының мүшелері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, батысқазақстандықтар Инна Симонова мен Айдар Бекжанов Астанада өткен ел біріншілігінде абсолютті чемпион атанды.

Оралдағы жабық мұз айдыны сарайы директорының орынбасары Татьяна Копылованың хабарлағанындай, Инна мен Айдар 500, 1000 және 1500 метр қашықтықта алдарына жан салған жоқ. 1500 метр қашықтықта батысқазақстандықтар Ксения Мотова мен Нұрберген Жұмағазиев күміс жүлдеге ие болды. 500 метрлік сында К.Мотова үшінші келсе, Н.Жұмағазиев тағы екінші орынға көтерілді. 1 мың метрлік қашықтықта К.Мотова күміс жүлдегер атанса, Абзал Әжіғалиев пен Аслан Даумов екінші, үшінші орындарды бөлісті. Эстафеталық сында ерлерден БҚО-дан қос бірдей құрама сынға түсіп, бірінші және үшінші орындарды еншілесе, әйелдер арасында батысқазақстандықтар күміс жүлдеге ие болды. Жалпы, ел чемпионатына БҚО-дан 21 шорттрекші қатысты.

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков баптайтын батысқазақстандықтар соңғы жылдары Қазақстан құрамасының негізін құрап келеді.

18-20 қаңтарда Астанада жастар арасында өтетін ел біріншілігіне де батысқазақстандықтар қатысады.