Шу ауданында орын алған қайғылы жол-көлік апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды - Жамбыл облысының ІІД

ТАРАЗ. 30 мамыр. ҚазАқпарат - 28 мамырда Шу ауданында орын алған қайғылы жол-көлік апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарланды бүгін өткен Жамбыл облысы ІІД-нің брифингінде.

«ҚР ҚК-нің 296 бабының 3 бөлімі (2 немесе одан да көп адамның өліміне себеп болған жол-көлік ережесін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады брифингте ІІД баспасөз қызметінің өкілі Гаухар Сарсенбаева.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 28 мамырда шамамен сағат 21.30-да Шу-Қордай тас жолының 5-ші шақырымында «ГАЗ-2705» маркалы көлікпен «Ауди-100» соқтығысты.

«Шу қаласынан Қордайға бағыт алған «ГАЗ-2705» маркалы көліктің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып «Ауди» көлігімен соқтығысты. Жол-көлік апатының салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен 2 жолаушы, оның ішінде 2 жасар сәби алған жарақатына байланысты оқиға орнында көз жұмды. Жүргізушінің жұбайы есін жимастан Шу қаласындағы аудан орталығының ауруханасында жан тәсілім етті. Олардың екі ұлы (4 және 5 жасар), сондай-ақ жүк көлігінің 29 жасар жолаушысы ми шайқалу, бас сүйек ми зақымы диагнозымен және сүйектерінің сынуымен ауруханаға жеткізілді».

«ГАЗ-2705» маркалы көліктің 24 жасар жүргізушісі ҚР ҚК-нің 132 бабы бойынша Шу ауданының уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Бұл іс бойынша бірқатар сараптама белгіленді. Тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.