«Шұбаркөл көмір» АҚ өз жұмыскерлеріне жаңа үй салды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Орталық» вахталық кентіндегі 60 орындық вахтааралық демалыс үйінің жаңа тұрғындары Еуразиялық Топ (ERG) құрамына кіретін «Шұбаркөл көмір» АҚ кен-көлік цехының №1 автоколонна жұмыскерлері болды.

Жаңа әлеуметтік нысан жобалық ұлғайту және кәсіпорын жұмыскерлерінің тұрғын үй қорын жаңарту аясында салынды, деп хабарлайды «Шұбаркөл көмір» АҚ баспасөз қызметі.

Кеніш және «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның басқа да өндірістік нысандары қаладан алшақ, мұнда жұмыс вахталық әдіспен жүргізіледі. Осыған байланысты кәсіпорынның әлеуметтік саясаты жайлы және қауіпсіз еңбек ету, тұру және демалу жағдайын қалыптастыруға, еңбек етушілердің әлеуметтік қорғанысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңа үй толығымен жабдықталған. Ас үй, санитарлық тораптар, кеншілердің бос уақыттарын, ақпараттық кездесулерін өткізетін зал бар. Барлық бөлмелер жиһазбен, тұрмыстық техникамен жабдықталған.

- Мен үшін бұл үшінші рет жаңа пәтерге көшуім, - дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ ардагері Анатолий Варламов. - Өткен ғасырдың 80-ші жылдары біз жұмыс істей бастағанда, вагондарда тұрғанбыз. Кеніштің игерілуіне байланысты бір мезгілде кент құрылып, жабдықталды. Кейінірек біз коттедждерге көштік, онда 20 жылдан артық өмір сүрдік, ал қазір жаңа үйге орналасып жатырмыз. Колоннаның жүргізушілері атынан кәсіпорын мен Еуразиялық Топ басшыларына алғыс білдіргім келеді».

- Иә, бөлмелер өте жақсы, жайлы жұмыс пен демалуға қажетті барлық жағдайлар бар, - деп келісті әріптесімен кеніште 20 жылдық жұмыс тәжірибесі бар жүргізуші Арқангелді Қошеметов. - Біз түрлі жерлерден келеміз, көпшілігінің өз үйінде мұндай жағдайы жоқ».

Жаңа әлеуметтік нысанды пайдалануға беру - кәсіпорынның еңбек жағдайын жақсарту, өндірістік және тұрмыстық үй-жайларды жөндеу және салу, қызметкерлердің вахталық кентте тұруына жайлы жағдайлар жасаудағы жүйелі жұмысының кезекті дәлелі іспеттес. Кәсіпорынның әлеуметтік саладағы жетістіктерін мемлекет те бағалады. 2014 жылдың қорытындысы бойынша «Шұбаркөл көмір» АҚ «Парыз» республикалық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының «Ірі кәсіпкерлік субъектісі» санатындағы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» атауының лауреаты атанды.

«Шұбаркөл көмір» АҚ - қазіргі уақытта 28 ұлт өкілінен 2,5 мыңға жуық адам жұмыс істейтін, еңбек етушілерінің орта жасы 38 жасты құрайтын салыстырмалы түрде жас көмір өндіруші кәсіпорын. Кәсіпорын мамандары - Қазақстанның 90 елді мекенінің тұрғындары.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Нұрлы Жол» атты Жолдауында «бейбітшілік - бұл тұрақты жұмыс, еңбекақы және ертеңгі күнге сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық - бұл күнделікті еңбекпен қорғайтын және нығайтатын жалпы халықтық игілік», - деп ерекше атап өтті. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында «Шұбаркөл көмір» АҚ үшін әлеуметтік жауапкершілік мәселелері басымдықтар қатарында болған және солай болып қала береді», - деп атап өтті «Шұбаркөл көмір» АҚ президенті Тулеуген Акбаев.

Соңғы жылдары «Шұбаркөл көмір» АҚ Еуразиялық Топ құрамына кірген кезден бастап кеніште және вахталық кенттерде елеулі өзгерістер болып жатыр. Сонымен, Батыс учаскесінде қайта қалпына келтіруден кейін сұрыптау кешенінің қырғыш конвейері (СК-100) қатарға қосылды, ол бір сағатта 800 тонна қатты отынды өңдеп, түрлі фракциялы сұрыптық көмір ала алады.

Батыс және Орталық учаскелерінде әрбіреуі 60 орындық вахтааралық екі үй салынып, пайдалануға берілді. Батыс учаскесінің вахталық кентінде 200 орындық монша - кір жуатын орын кешені мен қазандық тұрғызылды. Батыс учаскесінде электр жабдығын сақтауға арналған айналым қоймасы, орталық материалдық қойма пайдалануға беруге дайындалып жатыр.