***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Алматыда «Әлемдік кеңістікте Орталық Азия елдері ғылымының ынтымақтасуы» атты халықаралық форумы болып өтті. Оған ғылыми еңбектері жоғары көрсеткішке ие болған Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия және Моңғолияның ғалымдары қатысып, Орталық Азия аймағының әлемдік ғылыми ортамен байланысы туралы пікір алмасып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы және іс-тәжірибелерімен бөлісу жоспарларын жасады. 2011 жылы алғаш рет ұйымдастырылған ғалымдар форумында Елбасы қазақстандық ғалымдардың беделді халықаралық ғылыми мәліметтер қорына шығуы отандық ғылымды дамытудағы маңызды бағыттардың бірі болып саналатынын алға тартқан еді.
Қазіргі таңда еліміздегі 250-ге жуық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары Thomson Reuters және Springer компаниясының беделді ғылыми мәліметтер қорын еркін пайдалануда. Соңғы төрт жылда Thomson Reuters компаниясының Web of Science Core Collection мәліметтер қорын пайдалануда қазақстандық ізденушілердің саны 4 есеге өскенін байқаймыз.
Форум аясында «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ және Thomson Reuters компаниясы ғылыми еңбектері жоғары бағаланған үздік ғалымдарға «Ғылым көшбасшысы» тәуелсіз марапатын тапсырды. Физика саласы бойынша жоғары авторлық дәйексөз келтіру көрсеткішіне ие болған алты жариялынымның үшеуі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рәтбай Мырзақұловтың еншісіне тиіп отыр. Сонымен қатар, Физика-техника институтының ғалымдары Эрнст Боос, Болат Жәутіков, Николай Покровский, Әсет Барақбаев сынды ғалымдарымыз ғылыми авторлық мақалалар дайындап, жоғары дәйек сөз келтіру көрсеткішіне қол жеткізді. Бұл жайында «Орталық Азияның үздік ғалымдары марапатталды» деген мақалада берілген.
Бас басылымда «Ақмешіт биоэкотуризм орталығына айнала ма?» деген көлемді мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Ақмешіт үңгіріне Мырзатай аға арнайы келді. Академик Мырзатай Жолдасбеков. Қазақстан бодандық қамытын мойнынан сыпырып еркін, азат ел болғанда Елбасының қасында болып, мемлекетіміздің түтіні түзу ұшуына, аяғынан қаз-қаз тұрып жетілуіне ұйытқы болған бірегей азаматтарымыздың cанатынан. Редакциядан шұғыл тапсырма түсіп, Ақмешітке бірге бара алмай қалғанбыз. Ұялы телефон арқылы хабарластық. Аға толқулы. Әлемнің жеті кереметінің бірі деген жоқ, бірақ соған жетеғабыл ой айтты. Жер астындағы Ақмешіт үңгірі туралы талай рет жазып, жанайқайымызды ешкімге жеткізе алмап едік. Қайраткер ағаның арнайы іздеп келгендігі жүрек жылытқан.
Қазақта қасиетті, киелі жерлер көп. Соның бірі - Бәйдібек ауданының аумағында орналасқан Ақмешіт үңгірі. Оның қасиеттілігі неде деген сауалға жауап бермес бұрын мына бір ақиқатты еске салғымыз келеді.
Дүниежүзінің жұрты сәті түссе Тибет тауына шығып, көкірек кере дем алып, шамбалалар қасиетін жүрегінен өткізуге құмбыл. Қолы жеткендер бойындағы кеселдерден арылдым, жан-дүнием тазарды деп келеді.
Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, аспанмен амандасқан сол Тибет тауларының қасиеті осы біздің Ақмешіт үңгірінде бар. Мүмкін артық, мүмкін кемдеу...» деп жазады мақала авторы.
Қасиетті, киелі Ақмешіт 250 метр биіктікте таудың сілемінде орналасқан. Үңгірдің кіре берісінде ені шамамен 10-15 метр көлемінде, арнайы орнатылған темір сатымен 35 метр төмен түскенде бірден жаздың аптап ыстығы 35, 40 градустан үңгірдің іші қоңыр салқын, 18-20°С салқын лебі ұрып тұрады. Үңгірдің бір кереметі: ені 60-80 метр, ұзындығы 120 метр, биіктігі шамамен 35 метр күмбез іспеттес.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Ел Үкіметі қоғамдық тәртіпті күшейту арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларын жалғастырды. Осы мақсатта ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық шараларды ұйымдастырушылардың жауапкершілігі жоғарылатылады. Мысалы, егер шара барысында оған қатысушылар не көрермендер айналадағы қалалық сәулет туындыларын бүлдіре бастаса, ішкі істер органдары шараны тоқтатып тастай алады. Мәжілісте «Кейбір заңнамалық актілерге спорттық-бұқаралық, мәдени, ойын-сауық және басқа да іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңның жобасы талқылануда. Жақында құжат палатаның отырысына екінші оқылымға шығарылып, толық мақұлданбақ.Бұл туралы «Ойынға барсаң, ойланып бар!» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы газетте «Шұбатымыз шетелге шығарылады» деген мақала жарияланды. «Осының алдында жазғанымызда, ЕАЭО елдері өндірісшілерінің Сочидегі кезекті басқосуында Алматы облысындағы түйе шаруашылығының өнімдері Белоруссия мен Ресейден келген кәсіпкерлерді қатты қызықтырып, сол кездесу барысында бірқатар келісімдерге қол қойылғанын айтқан едік. Сол жолғы уағдаластықтың нәтижесінде шұбатқа деген сұраныс артып, алыс-жақын шет мемлекеттерге жөнелтудің тың жолдары қарастырылуда»,-деп жазады басылым.
Елімізде ойсыл қараны ең көп өсіретін аймақтардың бірі - Алматы облысы болса, соның ішінде Жетісу жеріндегі түйелердің ең көп шоғырланған жері - қазіргі кезде Іле ауданының құрамына енетін, бір кездегі Күрті алқабындағы «Дәулет-Бекет» ЖШС. Алғашқы кезде кәсібін бірнеше түйеден бастаған Сыдық Дәулетовтiң жетекшілігіндегі шаруашылықта қазіргі кезде бес мыңға жуық ойсыл қара төлі бар. Негізінен, сүтті бағыттағы аруана тұқымдас түйелерді өсіреді. Сонымен бірге сиыр мен қой шаруашылығын да шамасы жеткенше өрістетіп отыр. Малдан алынған өнімді алысқа арбаламай, бұрынғы Күрті ауданының орталығы Ақши ауылындағы шағын кәсіпорында қайта өңдеуден өткізеді. Қазіргі кезде өз еліміздегі сауда орындарында сыртқы пішіні қазақтың торсығына келетін ыдысқа құйылып, сатылып жатқан шұбат осында дайындалған.
***
«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық дәлізінәі бөлігі болып табылатын Қазақстандағы жер асты туннельдің құрылысы бекітілген мерзімінен кешігіп жүргізілуде. Бұл өз кезегінде магистральді пайдалануға беру мерзімін кейінге шегеретіні анық. Құрылысшылардың аталған туннельді салу кезінде тап болған қиындықтары туралы «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санындағы «Затяжной тоннель» деген мақалада толық баяндалған.