ШҰҒЫЛ: 31 қаңтар Қазақстанда Ұлттық аза тұту күні - Елбасы

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР-дағы қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, есірткі заттарының заңсыз айналымының жағдайы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары тақырыбына қатысты құқық қорғау органдары басшыларымен өткізген кеңесі Алматы маңында ұшақ апатынан қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Мемлекет басшысы Көкшетаудан ұшып келген ұшақ Алматы түбінде апатқа ұшырап, азаматтар қаза болғанын айта келе, осыған байланысты олардың туған-туысқандарына тағы да көңіл айтты.

«Осы қайғылы оқиғаға байланысты ертеңгі күнді еліміз үшін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым»,-деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент аталған ұшақ апатына байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүріп жатқандығын, сондай-ақ қаза болған ел азаматтарының жақындарына қолдау көрсетілетіндігін қадап айтты.