Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
«Аджип ҚКО» компаниясының мәліметтері бойынша аталған газ құбыры елдімекеннен 125 метрден кем емес қашықтықта өтуі тиіс екен. Алайда, бұл құбыр 100 метрден кем аралықта салынды. Атап айтқанда, газ құбырындағы қысым жоғары болатынын ескерсек, апатты жағдайларда оны қауіпті деп қарастырып отырмыз. Сондықтан осы құбырды кенттен сәл қашықтау жерден айналдырып өткізу керектігін айтып отырмыз. Бірақ та, бұл компания ауыл тұрғындарының жанайқайын елеместен кенттің жанынан осы құбырды тартты»,-деді «Каспий табиғаты» ҮЕҰ төрағасы Махамбет Хәкімов.
Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін 3 жыл бұрын елдімекен тұрғындарына, яғни құбырға жақын орналасқандарға өтемақы төлеп, үйлерді кенттің орта тұсына көшіру туралы уәде берілген екен. Алайда, бұл шаралар орындалмаған көрінеді.
«Енді құбырға жақын орналасқандар үйлерін кеңейтіп немесе басқа да құрлыстарды жасау бастамасына компания қарсылық танытуда. Атап айтқанда, осы жердегі халық газ құбырының құрылысына қарсы емес және оны қажет деп есептейді. Дегенмен, оны шамамен 500 метр қашықтау жерден салғанын сұрап отыр. Яғни, тұтас газ құбырын емес, тек елдімекен маңындағы бөлігін ғана тысқары көшіру уәжі айтылып отыр»,-деді М. Хәкімов.
«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Жұманның айтуынша, газ құбырының құрылысы басталғанға дейін тұрғындар жергілікті әкімдікке барып, осы мәселенің мән-жайын шешпек болған. Әкімдіктегілер оларға өтемақы төленетіндігін, оның құнына басқа жерден үй алуға мүмкіндік болатынын жеткізген екен. Осыдан кейін жергілікті халық осы талаптармен келіскен. Алайда, үш жыл өткеннен кейін де бұл мәселе бойынша еш әрекеттер жасалмай отыр.
«Біз шетелден келген компаниялар еліміздің заңнамаларын елеп, орындасын деген талапты қойып отырмыз»,-деп атап өтті Қ. Жұман.
Осы орайда ол Мақат тұрғындарына үй салуға жер телімдерінің мемлекеттік актілері 2007 жылы тапсырылғанын, ал газ құбырының құжаттары 2009 жылы рәсімделгенін жеткізді.
Бұдан бөлек, баспасөз мәслихатында айтылғандай, бұрындары Доссор кентінен 5-6 шақырым жерде мұнай қысымы жоғары болғандықтан кен орны жабылған екен. Енді қазіргі кезде аталған газ құбыры осы апатты кен орнының үстінен өтіп жатыр. Сондықтан Доссор тұрғындары да газ құбырының аталған кен орны аумағынан тартылуынан қауіптеніп отыр.
Осыған байланысты баспасөз мәслихаты барысында аталған мәселе бойынша ҚР қоғамдық ұйымдары мен азаматтарының ашық үндеуі жасалды. Бұл үндеу осы мәселе тұрғысында ҚР Бас прокуратурасына, ҚР Мұнай және газ министрлігіне, сондай-ақ Қазақстандағы Италия елшілігіне бағытталып отыр.