ШҰҒЫЛ: Ақмола облысының тасжолында автобус, жүк көлігі және жеңіл көлік соқтығысып, 15 адам қаза тапты - ҚР ТЖМ

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Ақмола облысында автобус, жүк көлігі және жеңіл көліктің соқтығысу салдарынан 15 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен.

Жексенбі, 19 тамыз күні Ақмола облысына қарасты Бабатай ауылының маңында, «Алматы-Екатеринбор» тасжолының 1310-шы шақырымында «Астана-Қарағанды» бағдарымен жүріп келе жатқан, ішінде 31 адам отырған «Yutong» автобусы, «Shaanxi» жүк көлігі және «Ауди» жеңіл көлігі соқтығысып қалды.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан автобустың жүргізушісі мен оның 14 жолаушысы, соның ішінде бір бала оқиға орнында көз жұмды. Түрлі жарақаттар алған 22 адам ауруханаға жеткізілді.

ТЖ орнында ҚР ТЖМ Ақмола облыстық ТЖД-нің өрт сөндіру қызметінің 9 адамы мен 4 техникасы, ҚР ТЖМ «Орталық өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы» ММ-нің 3 адамы мен 1 техникасы, ҚР ТЖМ «Апаттық медицина орталығы» ММ-нің 3 адамы мен 1 техника бірлігі жұмылдырылды.