ШҰҒЫЛ: Алматы облысында 12 шекарашы мен 1 қорықшының жанып кеткен мүрделері табылды - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Алматы облысында 12 шекарашы мен бір қорықшының жанып кеткен мүрделері табылды.

 Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі бастығының бірінші орынбасары - Бас штаб бастығы, полковник Тұрғанбек Стамбеков мәлім етті.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 30 мамырында ҚР ҰҚК шекара қызметінің «Шығыс» өңірлік басқармасы Үшарал шекара жасағы «Сары бөктер» заставасының наряды тауда жазғы уақытта 15 шекарашы қызмет атқаратын «Арқанкерген» шекара бекетінің жанып кеткен ғимаратын көрген. «Оқиға болған жерде шекара қызметінің директоры генерал-майор Н. Мырзалиевтің басқарған, ҚР Ішкі істер министрлігі және Бас әскери прокуратура мамандары мен өкілдерінің қатысуымен жедел тергеу тобы жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта жанып кеткен 13 адамның, оның ішінде бекет жанында орналасқан аңшылық шаруашылығы қорықшысының мәйіті табылды»,-деді Т. Стамбеков.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта ҰҚК және ішкі істер органдарының шекара қызметінің күшімен жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.