ШҰҒЫЛ: Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәукенов ұсталды

АТЫРАУ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Атырау қаласында Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәукенов ұсталды.

Оны 12 қыркүйек күні Атырау облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі департаментінің қызметкерлері қолға түсірді.

 Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, қамауға алу санкциясы берілген жоқ, Б.Дәукенов әзірше тек үш тәулікке ұсталды.

Бергей Рысқалиевтың бұрынғы бірінші орынбасары мамандығы бойынша заңгер. Прокуратура органдарында жұмыс істеген. Оның ұсталуы қаржы полициясының облыстағы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша тергеліп отырған қылмыстық істер аясында өткізілуде.

«Атырау облысындағы қаржы полициясының органдары жалпы сомасы 6 млрд. теңгеден асатын бюджеттік қаражаттарды ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғады. Бұдан басқа, коммуналдық меншік нысандарын жекешелендіру және оларды төмендетілген бағамен сату туралы шешімді қабылдау кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, соның салдарынан мемлекетке елеулі зиян келтірілді», - деген болатын бұған дейін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбеков.

Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысында қаржы полициясы департаментінің бастығы ауыстырылды, бұл қызметке бұған дейін облыс прокурорының орынбасары болып жұмыс істеген Мұрат Төлеубаев тағайындалды. Сондай-ақ ІІД, ҰҚК, прокуратура сияқты күш құрылымдарының басшылары ауысты.