ОРАЛ. 22 сәуір. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының қаулысымен олимпиада резервін даярлау орталығының директоры Қоныс Жетпісов пен допты хокккейден ҚР құрамасының аға бапкері Марат Маңғубаев тұтқындалды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оларға ҚР ҚК 176-бабы бойынша 7,9 млн. теңге бюджеттік қаржыны жымқырған деген айып тағылуда. Бұл қаржы спортшылардың жарыстарға баруы үшін іссапарға жұмсалуы тиіс болатын. Алайда шын мәнінде спортшылар жарысқа бармаған.
Орал қалалық соты тергеу органдарының күдіктілерді он тәулік қамауға алу жөніндегі өтініштерін қанағаттандырды.
Еске сала кетейік, Қ.Жетпісов - самбодан әлем чемпионы, әлем кубогінің иегері. М.Маңғубаев та допты хоккейден белгілі спортшы әрі бапкер, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).