Жедел іздестіру іс-шаралары барысында кеше кешкі сағат 18:00-де ауыл жолынан 30 метр жерден техникалық ақаусыз «УАЗ» көлігі табылды, деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметінен.
Көлікті тексерген криминалистер саусақ іздерін алып, қазіргі уақытта ол ішкі істер органдарының дактилоскопиялық есебінен тексерілуде.
Жарияланған «Тосқауыл» жоспары аясында аса ауыр қылмысты жасаған тұлғаларды анықтау және ұстауға бағытталған арнайы шаралар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері, Ішкі әскердің әскери қызметкерлері, ұлттық парк жұмысшылары мен жергілікті тұрғындардың және қызметтік ізшіл иттердің көмегімен аумақты тыңғылықты зерттеу жалғасуда. Сондай-ақ аумақты тікұшақпен де шолу жалғасуда.
Ішкі істер органдары ұлттық паркте тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Оқиға орнында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Тыныбеков, ІІМ Тергеу комитетінің төрағасы, облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы жүр. ІІМ мен облыстық ІІД-нің тәжірибелі қызметкерлерінен құралған жедел тергеу тобы жұмыс істеуде.
Қылмысты тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің тұрақты бақылауында. Қазіргі уақытта қылмыстың шығуына қатысты түрлі нұсқалар талқылануда.
ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу мүддесіне орай БАҚ өкілдерін тек ресми ақпаратты пайдалануға шақырады.