ШҰҒЫЛ: Лаңкестікке күдікті ер адам жеткізілген Атырау ауруханасына күшейтілген күзет қойылды

АТЫРАУ: 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жалғыз тірі қалған лаңкестікке күдікті жеткізілген Атыраудың облыстық ауруханасы күшейтілген күзетке алынды.

Естеріңізге сала кетейік, 12 қыркүйекте Құлсары қаласында - Атырау облысына қарасты Жылыой ауданында, Теңіз мұнай кен орнының аумағында лаңкестікке күдіктілерді ұстау бойынша операция жүрді. Бес қабатты үйдің пәтерін қоршауға алу кезінде, бөлменің ішінде болған 6 адамның 5-уі қаза болды. Белгілі болғандай, 20 жастағы Еламан Отарбаев қана тірі қалды. Ол ауыр жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілген болатын. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, ол құрсақ қуысына жарықшақтармен жарақаттар алды, ішкі органдары зақымдалды. Оған жедел түрде ота жасалып, ол сәтті өтті. Күдікті есін жиған соң, оны әрі қарай емдеу үшін Атырауға жеткізу шешімі қабылданды. 

Оның түсінік беріп жатқандығы туралы ақпарат жоқ. Белгілісі, Атырауда сенбіге қараған түні қалалық Ішкі істер басқармасына жасалған шабуыл мен Исатай-Махамбет алаңында кезекші полицей жараланғаннан кейін, оның күзеті күшейтілді. Қалалық Ішкі істер басқармасының ғимаратына от тұтандырғыш сұйықтық құйылған бөтелкені лақтырып, екі адамды жарақаттаған белгісіздер әзірге табылмады. Облыста «Тосқауыл» жоспары іске қосылды. Құқық қорғау органдарына әскери бөлімнің қызметкерлері көмекке тартылды.