ШҰҒЫЛ: Жамбыл облысында жол апатында төрт адам қаза тапты, тағы үшеуі жарақаттанды

ТАРАЗ. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Шу ауданындағы автожолда орын алған көлік апатында төрт адам қаза тауып, тағы үшеуі жарақаттар алды, деп хабарлады Жамбыл облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Дүйсенбі, 28 мамыр күні сағат 21:30-да Шу ауданындағы Шу-Қордай автожолының бесінші шақырымында «Газ-2705» және «Audi-100» көліктері соқтығысты.

«Газ-2705» көлігінің 24 жастағы жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, 31 жастағы ер адамның басқаруындағы «Audi-100» көлігімен соқтығысты.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Audi-100» көлігінің жүргізушісі мен оның 53, 29 және 2 жастағы үш жолаушысы қаза тапты. Түрлі жарақаттар алған «Audi-100» көлігінің тағы екі жолушысы - бес және төрт жастағы екі бала, сондай-ақ «Газ-2705» көлігінің 29 жастағы жолаушысы Шу қалалық ауруханасына жеткізілді.

Жол-көлік апатының барлық қатысушылары - Шу ауданының тұрғындары.

Оқиғаны тергеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлады ведомстводан.