***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Жәутіков олимпиадасының үздіктері Назарбаев Университеті гранттарына ие болды. Бұл күнде Халықаралық Жәутіков олимпиадасын қазақстандық білім брендіне айналды деп айтуға толық негіз бар. Биыл тоғызыншы рет алыс және жақын шетелдердің математика, физика және информатика пәндеріне қабілетті жеткіншектерін жинап, жеңімпаздарын анықтап берген олимпиада танымалдылық тұғырына тұрақтады. Айналамыздағы елдердің есепке жүйрік балалары Қазақстанда өтетін Жәутіков олимпиадасын біледі. Мамандандырылған басылымдар сайттарында жарияланатын осы олимпиаданың тапсырмаларын өз беттерінше орындайды, қатысуды көксейді. Бұл есептер күрделілігі жағынан Дүниежүзілік математика олимпиадасынан бір мысқал да кем еместігін мойындайды. Егер бұл күнде аталмыш олимпиадаға қатысатын мемлекеттердің қатары шектеулі болса, оған тек қаржы мәселесі қолбайлау болып отыр деп түсіну қажет. Соңғы сайыста сынға түскен 13 елдің балалары Жәутіков олимпиадасының тапсырмалары биыл да қызық әрі күрделі болғандығын бір ауыздан атап өтті.
«Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Еуразиялық экономикалық комиссиясының энергетика және инфрақұрылым бойынша коллегиясының мүшесі (министр) Даниал Ахметовті қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» «Интеграция мәселесі сөз болды» атты материалда.
Әңгіме барысында Д.Ахметов Еуразиялық экономикалық комиссиясының жұмыс барысы, оның ағымдағы және болашақтағы жұмыс жоспарлары туралы хабарлады.
«Президенттердің тапсырмаларына сәйкес біз үстіміздегі жылдың 1 мамырына дейін Комиссияның перспективалық жұмыс жоспарларын жасауға тиіспіз. Сонымен қатар, мен Премьер-Министрге нормативтік-құқықтық базаны жүйелеп, жинақтау бойынша, біздің Комиссиямыздың шеңберінде қандай жаңа құжаттар дайындалып жатқаны туралы, жуық арада интеграцияның қандай жаңа бағыттарын енгізуді жоспарлап отырғанымызды баяндадым», - деді кездесу қорытындысы бойынша Д.Ахметов.
***
«Алаш айнасы» газетіндегі «Бүйректен сирақ шығармайтын» Заң керек!» деген мақалада «бүйрек сатамын» деген жарнамалармен донор іздеп, жасырын бизнес көзі жасалуы қаупі туралы айтылады. Бүгінгі таңда елімізде бүйрек алмастыруды қажет ететін науқастар саны 2 мыңнан асқан. Және олардың қатары күн санап артып келеді. Ал донор тапшылығы мәселесінің қазірге шешім табатын түрі жоқ. Біздегі қазіргі заң бойынша жол-көлік оқиғасынан немесе басқа да жағдайда жарақат алған, өлім аузындағы жандардың органдарын туыстарының рұқсатымен алып, пайдалануға болады. Бірақ, өкінішке қарай, біздің елде мұндай бірде бір жағдай тіркелмеген. Өйткені біздің халықтың менталитеті, наным-сенімі өлім аузында жатқан туысының органын пайдалануға келісімдерін беруге кедергі келтіріп отыр. Бүгінгі таңда елімізде жасалып жатқан бүйрек алмастыру отасында донор болғандар - тек науқастардың ең жақын туыстары ғана. Ал дәрігерлер болса «туыстарының рұқсатынсыз біз өлім аузында жатқан адамның органын алып, басқа біреуге сала алмаймыз, ертеңгі күні үстімізден арыз түсіп, сотқа сүйреп, басымыз пәлеге қалуы мүмкін» дейді. Сондықтан да дәрігерлер «донор мәселесінің түйінін шешетін заң қажет» дейді. Өйткені бүгінгі заң нәтиже бермей отыр. Есесіне «бүйрек сатам» деушілердің қатары көбейіп келеді. Бүйрегін ақшаға сатып мүгедек болып жатса, оған біздің ел ертең жәрдемақы төлеуі керек.
Осы басылымдағы «Ой-көкпар» айдарында «Әлемдік тәжірибеге сай ауқаттыларға салынатын салық салмағын арттыру керек пе?» деген мәселе қозғалды. Жалпы, бұған қатысты сарапшылардың зерттеулеріне сүйенсек, бізде әлеуметтік жүйе тиімді қалыптаспаған. Кеңес өкіметінің бір жақсы жері олар ауқаттыларға бақылау қоя білді. Ал қазір мұндай тәсіл жоқ. Экономика ғылымының докторы, профессор Серікболсын Әбділдин: «Мен осыдан біраз уақыт бұрын АҚШ-та болдым. Сол елде гауһартас сату бизнесімен айналысатын кәсіп иелері мемлекет қазынасына түскен табыстың 70 пайызын салық есебінде төлейтінін көріп, біліп таңғалдым. Сол сәтте «біздің елде нақ осындай жүйе қолданысқа енсе қалай болар екен?!» деп ойландым.
***
«Ел басшылығының құрылғанына көп уақыт болмаған Құрылыс және ТКШ агенттігін ақыры неге таратып тынғандығы мәлім бола бастады. Ондағы шенеуніктер ескіден салынған соқпақпен салып ұрып, жүре беруге жаман үйреніп, жасампаздық танытқысы, жаңа мен озықты үйренгісі келмегенге ұқсайды. Үкіметтің кешегі отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов «үздік шетелдік тәжірибелерді үйрен, елде ендір» деп жіберген мемлекеттік қызметкерлердің Отанға оралған соң, түк бітірмейтіндігіне ашынды»,-деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында. Бұл мақала «Швецияға «қыдырып» барған шенеунік кім» деген тақырыппен беріліп отыр.