Швеция мектептерге қағаз оқулықтарды қайтара бастады. Ел билігі білім беруді цифрландыруға қатысты бұрынғы бағытын қайта қарап, баспа оқу материалдарын сатып алуға бөлінетін қаржыны арттырды.
Стокгольмдегі мектептердің бірінде төртінші сынып оқушылары қағаз кітаптарды оқып, кейін мәтіндерді дауыстап айта бастады. Қазір Швеция мектептері дәстүрлі оқыту тәсілдеріне қайта оралып жатқандықтан, мұндай сабақтар жиілеп келеді.
— Экраннан оқығанда басым жиі ауырады. Ал қағаз кітаптарды оқығанда оған назар аудара аламын, — дейді оқушы Эмилия.
Швеция мектептерінде цифрлық құрылғыларды жаппай енгізу шамамен 2010 жылы басталған. Алайда 2018-2022 жылдар аралығында оқушылардың оқу сауаттылығы мен математика бойынша көрсеткіштері айтарлықтай төмендеген. Халықаралық PISA зерттеуінің нәтижелері жарияланғаннан кейін бұл мәселе қоғамда кең талқылана бастады.
Үкімет тапсырысымен жүргізілген, нейробиологтар мен педиатрлар қатысқан зерттеу цифрлық құрылғыларды шамадан тыс пайдалану балалардың зейін қою қабілетін әлсіретуі мүмкін екенін көрсетті. Сонымен қатар көптеген жағдайда қағаз оқулықтар мен баспа материалдары білімді жақсы меңгеруге ықпал етеді.
Соның нәтижесінде 2023 жылы билік білім беру саясатын түзетті. Бастауыш сынып оқушыларына қайтадан қағаз оқулықтар мен басқа да баспа материалдарын пайдаланып оқыту ұсыныла бастады. Балабақшалар мен мектептерге арналған мұндай материалдарды сатып алуға мемлекет жыл сайын 658-755 миллион швед кронасын (шамамен 70-80 миллион доллар) бөледі.
Қағаз оқулықтарға қайта оралу бірқатар елдердегі кері үрдіс аясында жүзеге асып жатыр. Мысалы, Жапонияда жақында цифрлық оқулықтарды мектептердегі негізгі оқу құралдарының бірі ретінде ресми бекіткен заң қабылданды.
— Бұл шешім миы әлі қалыптасу кезеңіндегі кішкентай балалардың цифрлық құрылғылардың әсеріне ерекше осал болуы мүмкін екенін көрсеткен зерттеулерге сүйене отырып қабылданды, — деді парламент білім комитетінің төрағасы Йоар Форсселль.
Сонымен бірге сарапшылар оқушылардың үлгерімінің төмендеуін тек цифрлық технологиялардың таралуымен байланыстыруға болмайтынын айтады. Ықтимал себептердің қатарында демографиялық өзгерістер мен мигрант отбасыларынан шыққан балалардың білім алу барысында кездесетін қиындықтары да бар.
2010 жылдардың ортасынан бері Швеция Сирия, Ауғанстан және Африканың бірқатар елдерінен келген босқындар мен мигранттардың едәуір бөлігін қабылдады. Бұл да білім беру жүйесіне әсер етті.
Бандхаген мектебінің директоры Пиа Нистрем барлық мәселенің себебін технологиялардан іздеу дұрыс емес деп есептейді.
— Ең бастысы — цифрлық және дәстүрлі оқыту әдістерінің арасындағы дұрыс тепе-теңдікті табу, — деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, Швецияда босқындар мәртебесіне қатысты жаңа заң қабылданды.