Швейцария Халықаралық валюта қорына елдерді несиелендіруде көмектеседі

ВАШИНТОН. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Швейцарияның Қаржы министрлігі дағдарыс кезінде елдерге көмек көрсету жөніндегі Халықаралық валюта қорының қызметін қолдау үшін 10 миллиард АҚШ доллары көлемінде екіжақты несие желісін құрғалы отыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Доминик Штраус-Кан бұл шешімді қолдап отыр, себебі ол қордың несие қабілеттілігін арттыруға көмектесетін болады. Сәуір айының басында Канада да Қорға қосымша 10 миллиард доллар бөлу туралы шешімін жария еткен болатын. Жапония мен Еуропалық Одақ 100 миллиардтан уәде етіп отыр. Норвегия болса, Халықаралық валюта қорына 4,6 миллиард доллар көлемінде несие ұсынды.Жаһандық дағдарысқа байланысты Халықаралық валюта қорынан Украина, Венгрия, Пәкістан, Түркия, Латвия, Армения, Исландия, Беларус, Сербия және тағы басқа елдер көмек алып отыр.