Шығармашылық еңбекпен айналысатындарды салықтан мүлдем босату керек - А. Перуашев

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын түсіндіру мақсатында сапарда жүрген Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының төрағасы Азат Перуашев Шымкентте партияның облыстық филиалының кеңсесінде кездесу өткізді.

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

А. Перуашев Жолдаудағы басым бағыттарға тоқтала келе, бұның партия ұстанымымен үйлесетін тұстарына назар аударды. «Жалпы Елбасы Жолдауындағы жаңалықтарға келсек, салық жүйесіндегі біздің айтып жүрген ойларымыз көрініс тапқан. Біз еліміздің мүддесіне жұмыс істеуіміз керек. Бай мен кедей арасындағы алшақтықты жою жолдарын ұлт зиялылары да ойластырулары қажет. Өйткені, демография мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Шығармашылықпен айналысатын интелигенцияның жұмысына да мән беруге тиіспіз. Шығармашылық еңбекпен айналысатындарды салықтан мүлдем босату керек. Өйткені олар ұлт келбетін қалыптастырады»,- деді фракция басшысы.

Кездесуге қатысушылар бірқатар проблемаларға тоқталып, өз ұсыныстарын да айтып жатты. Мәселен, әңгіме барысында балама қуат көздеріне мемлекеттік субсидия бөлу, азық-түлік сапасын арттыру, салықты несие ретінде пайдалану жолдарын қарастыру секілді түйінді дүниелерді ортаға салды. Бұдан бөлек, жеке сектор мен мемлекеттің әріптестігі, денсаулық, білім саласына инвестиция салғандарға жеңілдіктер беру туралы мәселелер қозғалды.

Кездесуді қорытындылай келе, «Ақ жол» партиясының төрағасы көтерілген мәселелердің барлығы сарапталатынын, тиісті шешімдер қабылданатынын атап өтті.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Оңтүстік Қазақстан облысына келген сапары аясында Шымкенттегі металл құрастыру құрылыс зауытында жұмысшылармен кездесті. Зауыттың цехында өткен кездесуде халық қалаулысы Елбасының Қазақстан халқына арналған Жолдауын жан-жақты түсіндірді.