Шығыс Қазақстан облысында автокөлік қозғалысы шектелді - ККМ

АСТАНА. 25 наурыз. ҚазАқпарат - 2011 жылғы 25 наурызда сағат 11.00.-ден бастап ауа-райының қолайсыздығы (қатты жел, боран) және жолдың нашар көрінуі салдарынан Омбы - Майқапшағай автожолының Семей - Қалбатау (Георгиевка) (758-904 км) учаскесінде автокөліктің барлық түріне жол жүруге тыйым салынды,

деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі. Сонымен қатар 24 наурыздан бері (сағат 18.00-ден бастап) Шығыс Қазақстан облысында ауа-райының қолайсыздығынан Алматы - Өскемен автожолының Аягөз - Қалбатау - Өскемен учаскесінде (778-1079 км) жолаушы автокөліктерінің қозғалысы әлі де шектеулі.

«Автомобиль жолдарында келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін ауа-райы жақсарғанша жол жүруден бас тартып, Қазақстанның гидрометеорологиялық қызметінің хабарламаларына назар салған жөн. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің «Қазақавтожол» РМК-да автомобиль жолдарының жабылған учаскелері жөнінде халықты хабардар ету үшін тәулік бойы диспетчерлік қызмет жұмыс істейді, байланыс телефоны (7172) 44-46-85. Сонымен қатар, жолдар жөніндегі шұғыл ақпарат www.mtk.gov.kz, www.kad.gov.kz, www.kazavtodor.kz сайттарында жарияланады», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.