Шығыс Қазақстан облысындағы жалақыға қатысты қарыздар 82,7 млн.теңгені құрайды

ӨСКЕМЕН. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Жалақының мөлшері мен оның уақытында төленуі - біздің еліміздің әрбір тұрғынын толғандыратын мәселелердің бірі болып табылады.

ШҚО статистика департаментінің хабарлауынша, қазіргі күні облыстың ірі және орта 10 кәсіпорнының еңбекақы бойынша мерзімі өткен берешегі 82,7 млн. теңге шамасында қалыптасқан. Өткен жылдың басындағы деректермен салыстырғанда оның сомасы 2,4 есеге азайды.

Еңбекақы бойынша мерзімі өткен берешектің ең жоғары үлесі, атап айтқанда, 48,0%-ы - өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына келеді, облыс берешегінің 29,8%-ы - электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны тазартумен айналысатын кәсіпорындардың, 11,7%-ы - ауыл, орман және балық шаруашылығы кәсіпорындарының, 10,5%-ы құрылыс ұйымдарының еншісінде.

Мерзімі өткен берешек облыстың он тоғыз өңірінің үшеуінде тіркелді. Бұл - Семей қаласы, ондағы кәсіпорындардың берешегі 49,0 млн. теңгені, Өскемен қаласының кәсіпорындарында - 24,0 млн. теңгені, Глубокое ауданы бойынша 9,7 млн. теңгені құрады.

Өткен жылдың деректерімен салыстыратын болсақ, Шемонаиха, Жарма және Үржар аудандарының кәсіпорындары жалпы сомасы 16,1 млн. теңгені құрайтын мерзімі өткен берешекті өтеді. Мерзімі өткен берешек Өскемен қаласы бойынша 4,6 есеге, Семей қаласы бойынша 13,8%-ға, Глубокое ауданы бойынша 37,0%-ға қысқарды.

Дегенмен де, бұрынғысынша еңбекақы төлеу бойынша берешегін өтеу мерзімі 3 айдан асатын кәсіпорындар әлі де бар. Ағымдағы жылғы 1 қаңтарға жедел деректер бойынша шаруашылық жүргізуші жеті субъектінің 35,0 млн. теңге сомасында осындай берешегі болды. Негізінде, өз қызметін тоқтатқан және өздерінің меншікті қаржылары жоқ кәсіпорындар жалақы бойынша берешектері барлардың қатарынан табылады.