12:47, 06 Сәуір 2009
Шығыс Қазақстанның Бесқарағай аудандық әкімдігінің лауазымды қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
СЕМЕЙ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Лина Славина/ - Қаржы полициясы құрылысы аяқталмаған Беген ауылындағы мектепті қабылдау туралы мемлекеттік комиссияның актіне қол қойып,
мемлекетке 11 миллион теңгеден астам шығын келтірген Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай аудандық әкімдігінің лауазымды тұлғасының үстінен қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Беген ауылындағы орта мектеп 2008 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген болатын. Жобаның құны ? 521 миллион теңгені құрайды. Нысанды мемлекеттік комиссия қабылдағаннан кейін анықталғанындай, типтік жоба жергілікті жағдайға мүлдем байланыстырылмаған. 600 орынға есептелген мектепте қазір 309 бала ғана оқиды. Оған қоса жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасы да сын көтермейді. Құрылыс барысында ескі материалдардың қолданылғаны анықталып отыр. Кабинеттердің оқу жабдықтарымен жарақталу жағдайы да жобалық-сметалық құжаттың талаптарына сай келмейді.