***
«Қазақстан Президенті сый-құрметтен кенде емес, әрине. Дегенмен, әлем әлеуметінің алдында бірнеше мәрте еңбегі еленіп, абыройы асқақтап жатса, қалайша айрықша атап өтпессің?! Ал әрбір тапсырылған сый-сияпат жаһан жұртының Қазақ елі басшысын мойындағаны, ал басшысына деген ілтипат бүкіл елге деген қадір-құрмет болса керек-ті»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. Өткен бір аптаның ішінде Елбасына әлемдік деңгейдегі еңбегін елеген екі бірдей халықаралық сыйлық тапсырылды. Оның бірі - Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығының сыйлығы болса, екіншісі - Қытайға мемлекеттік сапары барысында Аспанасты елі табыстаған «Жібек жолы бейбітшілік сыйлығы».Елбасына Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығының сыйлығы күні кеше ғана елімізде дүркіреп өткен әлемдік маңызы зор ірі халықаралық шара - Астана экономикалық форумы барысында тапсырылды. Бұл сыйлық Қазақстан басшысына 2013 жылғы «Әлеуметтік бизнес-диалогты нығайтуға қосқан үлесі» үшін берілді. Ал айрықша атап өткіміз келетін халықаралық мәні, саяси салмағы зор, маңызды марапат - «Жібек жолы бейбітшілік сыйлығы» Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытайға мемлекеттік сапары барысында берілді. Қытайдың бейбітшілікті жақтаушы ұйымдары мен жекелеген тұлғалары бұл сыйлыққа Қазақстан Президентін Жібек жолы рухын биіктеткені, өзара сенімді, достықты, ынтымақтастықты нығайтқаны, әлем елдерімен бірге өсіп-өркендеуге, татулыққа және ортақ дамуға ықпал еткені үшін лайық деп тауыпты. Осы мәселені арқау еткен мақала « Елбасы - «Жібек жолы бейбітшілік сыйлығының» алғашқы иегері» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Колумбия - маңызды серіктесіміз» атты материал басылды. Жақында бейне конференция пішімінде Қазақстан - Колумбия СІМ-аралық саяси кеңесінің екінші отырысы өткізілді. Отырысқа Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев пен Колумбия Сыртқы істер министрінің орынбасары Патти Лондоньо тең төрағалық етті. Кеңестің күн тәртібі бойынша екіжақты және көпжақты маңызды мәселелер қарастырылды. Тараптар өзара тиімді сыртқы саясат, құқық қорғау және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастыру ниетін растады, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық ұйымдардың аясындағы өзара ықпалдастықты жоғары бағалады. Колумбия Қазақстанның Латын Америкасындағы маңызды серіктесі болып табылады. Соңғы үш жылда жоғары деңгейдегі өкілдердің қатысуымен оннан аса екіжақты іс-шаралар өткізілді. Богота Астананы біздің аймақтағы басты серіктес ретінде қарастырады, мұның дәлелі Колумбия Үкіметінің 2013 жылы Қазақстан азаматтары үшін біржақты тәртіпте визасыз режімді енгізу туралы шешімі болып табылады
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Ұмыт болған ұлттық тағамдар дастарқанға қашан жетеді» деген тақырыппен мақала шықты.Жылқы жылы жаңалықтарының бірі Астанада ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен құрылған «ОТБАСЫМ» Ұлттық құндылықтар орталығы ұйымдастырған «Ұмыт болған ұлттық тағамдарды жаңғырту» атты іс-шара болды. «Бұлай деуімізге себеп, әлемдік ас мәзірі адам басын айналдыра бастаған тұста ұлттық ас түрлерінің де бәсекеге қаншалықты қабілеттілігін көрсеткені және оны дамытуға қандай мүмкіндіктер бары сарапқа салынғандығы.Көзбен көрмесек те, елден естуімізше іс-шара барысында быламық, жаужүрек, үлпершек, көмеш, әсіп, жөргем, сүбе сияқты жеті түрлі тағамның жасалу жолы таныстырылып, әр астың адам ағзасына пайдалы жақтары сөз болған»,деп жазылған мақалада. Жоба авторы - «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығы төрайымының орынбасары Камал Әлпейісованың айтуына қарағанда, жеті түрлі ұлттық тағамдардың рецептін жасау үшін мамандар бірнеше облысқа сапарға шыққан. Солардың ішінен адамның өмірге келуінен бастап қартайғанға дейінгі аралықта азық ететін 7 тағам іріктелген.
Осы газеттің жазуынша, Шығыс Қазақстан облысында жемқорлық дерегі көбейіп барады. 2011 жылдан бастап ағымдағы жылдың бірінші тоқсанына дейін аймақта 450-ге тарта түрлі лауазым иелері Тәртіптік кеңестің талқысына түсіп, жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында 243 әкімдік, 48 ішкі істер органдарының қызметкерлері мен түрлі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін 135 қызметкер де бар. Мәліметтерге қарағанда «тәртіпсіздіктен» әкімдік пен полиция көш бастап келеді. Прокуратура заңды белден басып жүре беретін шығыстағы тәртіпсіз шенеуніктерге қатысты 190 рет тексеру жүргізіп, 2 300-ден астам заң бұзушылықтарды анықтаған. Бас прокуратураның сараптауынша, заң бұзушылықтың басым бөлігі тендерге байланысты екен. Бұл жайында «Шығыста тендер дауы шыр айналдырып тұр» атты тақырыппен жарияланған мақаладан біле аласыздар.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Өлең «көлденең көк аттының» ермегі емес» деген көлемді мақала берілген. «Қазақ тіліндегі аударма мәселесі зиялы қауым, жұртшылық тарапынан жиі талқыланып, кеңінен сөз болып келеді. Менің білуімше, аударма тіл білімінің ең бір күрделі саласы. Оның шебері болу үшін аудармашы маман екі тілдің заңдылықтарын бірдей білуі тиіс. Олай болмаған жағдайда, аудармадағы біліксіздік бірден байқалып қалады. Мұндай мысалдар күнделікті өмірде аз кездеспейді. Құжат мәтіндерінде немесе теледидардағы жарнамаларда, кинофильмдерде, т.б. салалық мәтіндерге назар аударсаңыз, аударма сапасында қандай да бір шикіліктің байқалып қалатыны құпия емес. Орысшасы түсінікті, анық болып жазылып тұрса, қазақша жазылған мәтін ойдағыдай болмай шығатыны қалай? Неліктен? Мәселе тілде ме? Жоқ, мәселе тілде емес. Қазақ тілінің мүмкіндігі, сөздік қоры әлемдік классикаға жататын әдеби-көркем туындыларды аударуға жеткенде, жарнама немесе киносценарий мәтіндерін талапқа сай аударуға жетпейді деп айта алмас едік»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында « Фарш невозможно прокрутить назад, и мясо из котлет не восстановишь» атты мақала жарияланды. "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." шетелдік консорциумында жұмыс істейтін 400 қазақстандық жұмысшы кәсіпорынның бас директоры Дамиано Ратиге бағытталған петицияға қол қойды. Оларға консорциум асханасына шетелден жеткізілетін еттен жасалатын тағамдар ұнамайтын көрінеді. Жұмысшылардың пайымынша, шетелдік өнім тамақтың дәмдік сапасы жағынан отандық сиыр етімен бәсекелесе алмайды. Себебі, еш биоқоспаларсыз өсірілген еліміздегі малдың етіне үйренген қазақстандықтар шетелдік ет өнімдерін тағам ретінде көргісі келмейді екен.