Шымкент пен Таразда нан бағасы неге қымбаттады?

; АСТАНА. Шілденің 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бір басына бидайы жетіп артылатын Қазақстанда нан бағасының қымбаттауы үрдіске айналғандай. Бұл биыл да қайталанып отыр. Өткен аптаның ішінде Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бір бөлке нанның бағасы бірден 5-7, тіпті кейбір дүкен сөрелерінде 10 теңгеге дейін қымбаттап, 45 теңгеге жеткен.

Сонымен қатар аталмыш облыстарда және еліміздің бірқатар өңірлерінде халық күнделікті тұтынатын кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы біршама өскен. Жалпы, қандай да бір тауарға немесе қызмет көрсету түрлеріне бағаның өсуінен салмақ соңғы нәтижеде негізінен қарапайым халықтың қалтасына түсіп жатады. Осыдан да болса керек жұртшылық арасында әкім-қаралардың жұмысына көңіл толмаушылық ниеті көрініс беріп жатады. Қазақстанда алынған астықтың көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл дәстүр былтыр да сақталды. Қамбаларымыз бидай мен арпаға толып жатқанымен, нан бағасының кейбір өңірлерде биыл айтарлықтай өскеніне көпшілік кәдімгідей алаңдаулы. Ал экономиканың заңдылығы бойынша азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттағаны инфляция өсіміне ықпал етеді. Ал, инфляция ырыққа көнбесе, бұл ең алдымен бұқараның әлеуметтік көңіл-күйін нашарлатып, жеме-жемге келгенде экономикалық өсімге кері әсерін тигізетіні бар. Бірақ Үкімет айдың-күннің аманында бұған жол беруге әсте болмайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан да өткен сенбіде кешқұрым Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерімен және облыс әкімдерімен шұғыл селекторлық кеңес өткізді. Онда Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында нан бағасының неге негізсіз қымбаттағаны сөз болды. «Мен Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша азық-түлік бағасының байыбына бару үшін арнайы селекторлық кеңес өткізіп отырмын. Өйткені, кейбір деректер бойынша бірқатар облыстарда азық-түліктің, әсіресе, нан-тоқаш өнімдерінің бағасы қымбаттап жатыр. Алайда, елімізде азық-түлік бағасының қымбаттауына ешқандай да алғышарттар жоқ», деді кеңесті ашқан Ө. Шөкеев. Одан кейін бірінші Вице-премьер Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың есебін тыңдады.

А. Күрішбаевтың айтуынша, Азық-түлік корпорациясының Оңтүстік Қазақстан облысының элеваторларында 8,6 мың тонна, ал Жамбыл облысының элеваторларында 40 мың тонна астығы бар. Соған қарамастан, аталмыш облыстарда бір бөлке нанның бағасы апта ішінде 5-7 теңгеге қымбаттаған. Алайда бұл облыстардың элеваторларындағы сақтаулы тұрған бидай бір бөлке нанды пісіріп, 39 теңгеден сатуға жеткілікті. «Баға саясаты туралы айтатын болсақ, қазіргі таңда 1 тонна астықтың бағасы маусымның соңындағы 15-16 мың теңгеден қазір 20-21 мың теңгеге дейін өсті. Ұнның бағасына келсек, біз Ұн өндірушілер қауымдастығының басшылығымен жағдайды сараладық. Еліміздегі ұн өндіретін барлық жүйе құрушы кәсіпорындар соңғы айларда жоғары сортты ұнның бағасын небәрі 2 теңгеге, ал бірінші сортты ұнның бағасын 3 теңгеге өсірген. Яғни, ұнның бағасы күрт қымбаттамаған. Зауыттағы нанның құнындағы астықтың үлесі шамамен 50 пайызды алады. Сондықтан ұн бағасының сәл ғана көтерілгені нан бағасының күрт қымбаттауына себеп емес», дейді министр.

Ал Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің уәжіне құлақ ассақ, еліміздің солтүстік өңірлерінен ұнның қымбат бағамен әкелінуі аталмыш өңірлердегі нан бағасының көтерілуіне себеп болған. Мәселен, Жамбыл облысында нан бағасының өсуі солтүстік аймақтардан келетін ұн бағасының өсуімен байланысты екен. Бұрын бірінші сортты ұнның 1 келісінің бағасы 32-35 теңге болса, қазір - 39-44 теңгеге көтерілген. Әрі қарай көтерме саудагерлер оған 3-5 теңге үстеме қосып, бірінші сорттағы ұнның 1 келісінің бағасы 44-46 теңге жеткен. Тиісінше ұн бағасының қымбаттауына байланысты нан зауыттарындағы өнімнің бағасы да өскен. Егер бұрын формалы нанның наубайханадан шыққандағы бағасы 25-30 теңге болса, ол қазір 35-38 теңгеге жеткен. Тасымалдаушылар өз пайдалары үшін 5 теңгеден, сауда нүктелері 2-3 теңгеден бағаны қосып, қаланың сауда орындарындағы бір бөлке нанның бағасы 45 теңгеге жеткен.

Алайда Ө. Шөкев бұндай уәжбен үзілді-кесілді келіспейтінін айтты. Оның пікірінше, жергілікті билік органдарының делдалдарға бақылау орната алмай, арқаны кеңге салушылығы аталмыш өңірлердегі нан бағасының қымбаттауына алып келіп отыр. Сондай-ақ бұл облыстардағы нан пісірушілер өзара ауыз жаласып, бір пәтуәға келіп, нанның бағасын әдейі қымбаттатуы ықтимал. Осыны негізге алған Ө. Шөкеев Қаржы полициясына және Бәсекелестікті қорғау агентігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, осы фактілер бойынша тексеру жүргізуді тапсырды. «Егер тұтастай алғандағы жағдайды бағамдайтын болсақ, нан бағасының қымбаттауына ешқандай алғышарттар жоқ, Шара қабылдаңыздар. Нанның бағасы қымбаттамауы тиіс. Баға саясатын тұрақтандыру үшін шара қабылдамаған әкімдерге тәртіптік жаза қолданылады», деді Ө. Шөкеев.

Ал А. Күрішбаев халық келешекте наннан таршылық көрмейтінін нық сеніммен айтты. Оған нанымды негіз бар. Оның сөзіне қарағанда, келер жылы да Қазақстанда ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін астық жеткілікті болады. Ағымдағы жылғы шілденің 1-гі жағдай бойынша республикамызда өткен жылдан қалған 7 млн. тонна астық бар көрінеді. Бұл өткен жылғы қордан екі есе көп, былтыр осы кезеңде елімізде 3,5 млн. тонна астықтың қоры болған. «Елімізде 6,3 млн. тонна азық-түліктік бидай бар. Элеваторларда 5,6 млн. тонна астық сақталып тұр, оның 3,6 млн. тоннасы Азық-түлік корпорациясының астығы. Егер біз биыл тіпті пессимистік болжам бойынша 15 млн. тонна астық жинайтын болсақ, онда тұтастай алғанда, маркетингтік жылдың басында сақтаулы тұрған қорды қосқанда, елімізде 22 млн. тонна астық болады. Бұл біздің ішкі сұранысты қамтамасыз ете алатынымызды білдіреді. Еліміз наннан таршылық көрмейтін болады», деді А. Күрішбаев. Министр сонымен бір мезгілде, елімізде экспортқа шығаратын астықтың мол қоры болатынын атап көрсетті. Оның айтуынша, соңғы кездерде Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және еліміздің шығыс өңірлерінде жауын-шашын тәуір түскен. Сондықтан, құрғақшылықтан зардап шеккен егіннің жағдайы жақсарып келеді.

Аталмыш селекторлық кеңесте еліміздің бірқатар өңірлерінде азық-түліктің кейбір түрлерінің бағасының неге негізсіз көтерілгені де талқыланды. Мәселен, «Қазагромаркетингтің» деректері бойынша, Жамбыл облысында жұмыртқаның бағасы - 11 теңгеге, сары майдың бағасы - 10 пайызға, айран - 33 теңгеге, ірімшік - 50 пайызға қымбаттаса, картоп, қырыққабат және сәбіз - 64 теңгеге өскен. Оңтүстік Қазақстан облысында айранның бағасы - 30 теңгеге көтерілген. «Бұның себебі неде, не істеп жатсыздар? Ай қарап, шошқа тағалап отырсыздар ма?», деп шамданды Ө. Шөкеев аталмыш екі облыстың атқамінерлеріне қаратып айтқан сөзінде. Сонымен қатар, «Қазагромаркетингтің» дерегінше, Астанада арпа жармасы - 17 теңгеге, ұнтақ жармасы - 40 теңгеге, сондай-ақ сарымай - 37 теңгеге жоғарылаған. «Ұнтақ жармасының бір келісі 91 теңге болса, қазір 130 теңгеге жеткен. Баға екі аптаның ішінде неге осынша шарықтап кеткен. Меніңше, жарманың бұл түрлерін елордаға бір компания тасымалдап отырған болуы керек. Бұл мәселенің шешімін табу қажет», деді Вице-премьер.

Осы орайда Үкімет басшысының орынбасары бұл деректердің барлығын аумақтық бөлімдерге беруді, дүйсенбіге дейін азық-түліктің бағасына қатысты жаңа ақпаратты жинауды міндеттеді. Үкіметтің ертеңгі отырысында еліміздегі азық-түлік тауарларының бағасы қалай қалыптасып жатқаны егжей-тегжейлі талқыланатын болады. Ал баға саясатын тұрақтандыруға қатысты шара қолданбаған басшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылмақ. Қолымызда бар соңғы мәліметтерге сүйенсек, Жамбыл облысында нан бағасының негізсіз өсіміне жол бермеу үшін әкімдік ұн өндірушілермен, наубайханалармен, нан тасымалдаушы және өткізушілермен меморандумдар бекітіп жатқан көрінеді. Ал жалпы республикамыздағы азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша нақты қандай жұмыстардың атқарылып жатқандығын Үкіметтің ертеңге отырысында білетін боламыз.