Қала әкімі орынбасарының сөзінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус Женевада өткен брифингте коронавирус инфекциясының таралуын пандемия деп таныған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарламасы негізінде Үкімет арнайы алдын ала қолға алу шараларын ұйымдастыратынын және қоғамдық іс-шараларды уақытша тоқтату жөнінде мәлімдеді. Осыған орай, 2020 жылдың 20 наурыз күні Шымкент қаласында өтетін «Шымкент - ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты кейінге қалғанын хабарлаймыз», - деді А. Мамытбеков.
Ол сондай-ақ, қаладағы кинотеатрлар жұмысы уақытша тоқтап, спорттық іс-шаралар көрерменсіз өтетінін айтты. Әлемде орын алып отырған жағдайды ескере отырып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарға алынып отыр.
«Шетелдік қонақтар шақырылған үлкен мәдени іс-шараның тоқтатылуына байланысты халық арасында үрей тудырудың қажеті жоқтығын айтқым келеді. Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін атап өту іс-шараларын да тоқтатуды жөн санап отырмыз»,- деді Алмасбек Мамытбеков.