Шымкентте әлемге танымал суретші Никас Сафроновтың көрмесі ашылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте ерекше көрменің ашылу салтанаты өтті. Облыстық бейнелеу өнері мұражайында ресейлік суретші Никас Сафроновтың таңдулы шығармалары қойылды.

Әлемнің атақты деген 100 суретшісінің қатарынан көрінген қылқалам шеберінің туындыларын тамашалауға келгендердің қарасы көп болды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Көрменің ашылуында қылқалам иесі қара көрсетпегенімен келушілер көп болды. Мұндағы туындылар суретшінің шеберлігін байқатып қана қоймай, дүниетанымын ашып берді. Көрмеге 150-ден астам шығарма қойылды. Олар - классикалық портрет, пейзаж, символдық бағыттағы сюжеттік композициялар.

«Никас Сафронов - өте белгілі адам. Ол қалада көптеген адамдарды көрмелерді көруге алып келеді. Соның нәтижесінде қаншама адам қалада мұражай мен көрме залдары барын білді. Ол тек суретші ғана емес, сонымен қатар мәдени-ағартушы десек те болады»,-дейді арт-директор Наталья Христенко.

Қылқалам иесінің туындылары үлкен сұранысқа ие. Оның көптеген шығармаларын жер-жердегі белгілі жәдігер жинаушыларының жиынтығынан кездестіруге болады.Экспозицияда 20-дан астам портеттік туынды бар. Мұндағы кейіпкерлердің барлығы әлемге танымал. Бір қызығы, бұл кейіпкерлердің көбісін суретші өз алдына отырғызып салған екен.

Көрме 20 маусымға дейін жалғасады.