Шымкентте Астана атты керіктің туған күні тойланды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттіктер зообақта Астананың туған күнін атап өтті. Биыл керіктің 7 жасқа толуына орай қала әкімдігі ең жас қалалық тұрғындар үшін мерекелік бағдарлама әзірлеп, ашық есік күнін ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Шымқалалық балалар үшін аниматорлар өнер көрсетіп, театрландырылған шоуды тамашалады.  Жас балғындар үшін концерттік бағдарлама қойылып, Астана қаласы туралы фильмдер қойылды. Зообақтағы ең қызықты шара 7 жасар Астана атты керіктің туған күніне арналған мерекелік құттықтау сәті болды. Бұл күні ол хайуанаттар бағы қызметкерлерінен сыйлыққа салмағы 15 келі торт алды.

Еске салайық, 2011 жылы Алматы зообағынан әкелінген керіктің  туған күні мерекелі күнмен сәйкес келгендіктен бас қаланың құрметіне орай есімін «Астана» деп атаған еді. Бүгінде бойшаң жануар оңтүстіктің табиғатына  жақсы үйреніп, жас балақайлардың сүйіктісіне айналған.