Аталмыш жиында облыстық бiлiм, жастар саясаты және тiлдердi дамыту басқармасының бөлiм басшысы Ғ.Жүсiпова, облыстық iшкi iстер департаментiнiң әкiмшiлiк полиция басқармасы басшысының орынбасары С.Ботабеков тұрғындар арасында өз-өзiне қол жұмсау (суицид) оқиғаларының белең алып бара жатқанына алаңдаушылық бiлдiрдi.
Жиналысқа қатысушылар қазiргi дағдарыс жағдайында әрбiр аудандар мен қалаларда осындай келеңсiз құбылыстарға бейiмдеу тұратын, мiнез-құлқы құбылмалы жастарға көмек көрсететiн психологиялық-консультациялық кабинеттердi ашу, суицидтiң алдын алу жұмыстарын жандандыру, психологтардың бөлмесiне сенiм телефондарын орнату туралы ұсыныстарын ортаға салды. Әр мекемеде бала тәрбиесiне байланысты ата-ана борышы туралы психологиялық және педагогикалық сабақ өткiзудiң артықтығы жоқ. Өйткенi, 18 жасқа дейiнгi жасөспiрiмдердiң мiнез-құлқы аумалы-төкпелi. Сондықтан ата-аналардың, ұстаздар қауымының олармен тiл табысып, дұрыс қарым-қатынас орнатқандары абзал.
Мәжiлiске қатысушылар үйлестiру кеңесiнiң күн тәртiбiндегi бұдан басқа тағы үш маңызды мәселенi талқылады. Е.Айтаханов сала жетекшiлерiне оны шешу жолдары бойынша ұсыныстар мен тапсырмалар бердi.