Шымкентте мемлекеттік қызметшілердің жалақысы көтеріледі

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте мемлекеттік қызметшілердің жалақысы көтерілетін болды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Департамент тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген басшы жыл басынан бері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бастамасымен еліміздің бірқатар облыстарында жалақы төлеудің жаңа пилоттық жүйесі іске қосылғанын атап өтті. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақысы біршама өскен. Мәселен, Шымкент қаласы бойынша департаменттің бас маманының лауазымдық жалақысы 91 мың теңгеден 219 мың теңгеге дейін көтеріліп отыр.

Сондай-ақ, факторлы-балдық шкала жүйесі бойынша тиімді қызметші жыл қорытындысы бойынша 4 жалақыдан басталатын бонусқа үміткер бола алады.
 

 Айта кетейік, елімізде  мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын белгілеудің жаңа жүйесі енгізілген. Оған сәйкес, жұмысы тиімді қызметшілер жыл қорытындысы бойынша үстеме жалақыдан үміткер бола алады. Яғни жаңа жүйе ешбір жағдайда мемлекеттік қызметшінің болжамды табысын нақты шектемейді.