Ескерткіш Абай саябағында бой көтерген. Ол шекара қызметі басшыларының жариялаған байқауында бас жүлдеге ие болған шымкенттік сәулетші Насыр Рүстемовтың жобасы бойынша дайындалған.
«Ескерткіштің ашылуына жұмсалған қаражат - бұл біздің қызметкерлер мен қаза тапқан шекарашылар достарының өз еріктерімен жинаған ақшалары. Біз қаражат салуға болатын арнайы есепшот ашқанбыз», - дейді ҚР ҰҚК шекара қызметі директорының орынбасары Амангелді Абылханов. Ол сондай-ақ ескерткіштің құны 11 млн. теңге екенін де атап өтті. «Осы есепшот қаражатынан біз қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмек береміз. ОҚО басшылығының көмегімен жақында ол отбасыларға пәтер берілді», - деп толықтырды А.Абылханов.
Ескерткіштің ашылу салтанатына ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов та қатысты. Ол қаза тапқан батырлардың ата-аналарына батыр ұлдарды тәрбиелегендері үшін алғысын айтып, сабыр тіледі.