Шымкентте өзін ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкері етіп таныстырған алаяқ құрықталды

ШЫМКЕНТ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері шымкенттік екі кәсіпкерді сан соқтырған алаяқты құрықтады, деп хабарлады ОҚО ІІД баспасөз қызметі.

«Бизнесменнің хабарлауынша, оған белгісіз азамат хабарласты. Ол өзін ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкері деп таныстырып, өзінің қиын жағдайға душар болғанын, және қарызға ақша бере тұруды өтінген», - деп хабарлады баспасөз қызметкері Ақмаржан Мырзахметова. Оның айтуынша, кәсіпкер белгісіз азаматқа 50 000 теңге беруге келіскен. Ештемеден күдіктенбеген бизнесмен аталмыш ақшаны кездесуге келген алаяққа ұстата салды. Одан кейін алаяқ басқа кәсіпкерге де осындай ертегісін айтты. «Бірақ ол күдіктеніп, полицейлерден көмек сұрады. Президент аппаратының жалған қызметкерімен кездесуге бұл жолы жедел қызметкерлер келіп, алаяқты оқиға орнында құрықтады», - деді А.Мырзахметова.

Ұсталған азамат бұрын сотты болған Павлодар облысының 29 жастағы тұрғыны болып шықты. «Оның айтуынша, осындай айлакерлік кәсіппен айналысуға оны өмірдегі қиындықтар мәжбүрлеген. Ал кәсіпкерлер туралы ақпаратты ол Интернет желісінен алғаны екен», - деп түсіндірді полиция қызметкері.

Күдікті азаматқа қатысты ҚР ҚК 177-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Криминалды полиция қызметкерлері оны ОҚО басқа жерлерде жасалған осы тектес қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.