Конференция Төле би Әлібекұлының қазақтың ханы Тәуке ханның билігі кезінде «Жеті жарғыны» қорыту және қабылдаудағы рөлін, Төле бидің жалпы қазақ халқын біріктірудегі билік істерін, қазақтың тарихында қасірет кезеңі ретінде орын алған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аласапыранындағы тәуелсіздік үшін күресті ұйымдастыруы, азаттық жолындағы күрескерлігін, халқының келешегін ойлаған азаматтығын, ірі тұлғалығын айқындау үшін ұйымдастырылып, бұл есімді келешек ұрпақтың мәңгілік жадында қалдыру үшін өткізілді.
Сонымен қатар, конференцияның пленарлық отырыстарында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан «Данагөй» тақырыбында баяндама жасаса, мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов «Төле би және Тәуелсіздік», филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Төле би апат заман арпалысында» атты тақырыппен сөз сөйледі.
Конференцияға баяндамашылардан бөлек негізгі маңызды ғылыми-зерттеу нәтижелері бар Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ректорлары, оқытушылары мен профессорлары, ғалымдары қатысты.