Шымкентте түрмеге есірткі өткізбек болған адам ұсталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент тұрғыны түрмеге майонез бен кетчуп және қойылтылған сүт қалбырына салынған есірткіні өткізбек болған.

167/2 түзеу мекемесі бастығының орынбасары Рамазан Сұлтановтың айтуынша, тәртіп сақшылары өнімге өзгеше бірдеңе салынғанын байқаған. Тексеру кезінде оның ішіндегі 2,4 гр есірткі заты болып шықты. Ер адам түзету мекемесіне кіреберісте ұсталды. Аталмыш жолмен түрмеге есірткі кіргізетінін түзету мекемесінің қызметкерлері сенімді дереккөзден білген. Күдікті өз кінәсін мойындамады. Ол қоспа туралы білмегендігін, біреулердің тағам салынған пакетті апарып беруді өтінгендігін айтып ақталды.

Полицейлер майонез бен кетчуптен 7 оралған ақ ұнтақ тапқан. Бұдан басқа, олар сәлемдемеде болған нан мен тәттілерді де тыңғылықты тексерді. Құқық қорғау органдары аталған азаматтың бұрын сотты болғанын анықтады. 33 жасар қала тұрғыны тұтқындалып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.