Олар өткен жылдың қыркүйек айында ұсталған болатын. Тергеу мәліметтері бойынша, 39 жастағы Нвоке Экендеричукву мен 30 жастағы Оба Жозефат Шымкентке Қазақстанға ағылшын тілінен сабақ беру үшін келген-мыс. Олар пәтер жалдап тұрған. Алайда, дәріс берудің орнына жалған шетелдік валютаны өткізумен айналысқан.
Бастапқыда 16 мың долларды валюта айырбастау пунктіне өткізуге тырысқан. Кәсіпкерді қомақты қаражатты арзан бағаға сатып алуға көндіріп, өзара уағдаласқан. Десе де, шетелдіктердің мәрттігіне күдіктенген кәсіпкер облыстық Мемлекеттік кірістер департаментіне арызданған.
Нигериялықтардың пәтерін тінту кезінде жалған банкноттар табылды. Анықталғандай, олар көк қағаздарды арнайы химиялық сұйықтықпен өз елдерінен бояп әкелген.
Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, шетелдік азаматтар қамауға алынған болатын. Бүгін Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Талғат Қаһаров қос күдіктіні кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандықтарынан айырды. Алайда, елімізде рақымшылық заңының қолданылуына байнысты жазаларын өтеу мерзімдері 3 жыл 9 ай деп белгіленді.
Айнұр Ақбаева