Шымкентте жаңа балабақша мен мектеп ашылды

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 200 балабақшада 33 мыңнан астам бала тәрбиеленуде, оның 30 мыңға жуығы «Балапан» бағдарламасы аясында қамтылған. Жыл соңына дейін қамту деңгейін 70 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта жақында 280 орындық балабақша іске қосылса, жыл соңына дейін мемлекетке қайтару арқылы 420 орындық 2 балабақша пайдалануға беріледі. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Осы орайда Шымкент қаласының «Күншығыс» мөлтек ауданында орналасқан №1 олимпиада резервін дайынтайтын балалар мен жасөспірімдердің кешенді мамандырылған спорт мектебін балабақша ретінде қайта құру жұмыстары жүргізілген болатын. Осыған орай, аталмыш нысан бүгін салтанатты жағдайда есігін айқара ашты. Балабақшаны қайта құру жұмысы 2013 жылдың наурыз айында басталған болатын. Қазіргі таңда мұнда 220 бала орналастырылатын болады.

«Сондай-ақ бүгін Шымкенттегі «Жиделі» шағын ауданында 600 орынға арналған мектеп пайдалануға беріліп отыр. Жалпы, қаламызда 84 жалпы білім беру мектептері жұмыс жасап, ондағы оқушылар саны 108 мың 286 баланы құрайды. Биылғы жылы 17 мектепке спорт алаңшалары, 8 мектепке күрделі жөндеу, апатты жағдайдағы 3 мектептің біреуіне қайта құру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 4 жаңа мектептің құрылыстарына 1 млрд. 860 млн. теңге бөлінді», - делінген баспасөз хабарламасында.