«Жалпы ауданы 350 шаршы метрді алып жатқан төрт көрме залында оңтүстікқазақстандық полицияның бүкіл тарихы таныстырылып отыр. Мұражайдың салтанатты ашылуына Ұлы Отан соғысының ардагерлері, департамент басшылығы мен жеке құрамы қатысты»,- деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінің өкілі Ақмаржан Мырзахметова.
Облыстың ішкі істер органдары ардагерлерінің қатарында бүгінде 31 Ұлы Отан соғысына қатысушы бар. Олардың арасында облыс мақтанышы - соғыс және ішкі істер органдарының ардагері, Даңқ орденінің толық иегері, милиция майоры Қарабай Қалтаев бар. Полицейлер сондай-ақ, өз қатарларында қызмет еткен 61 тыл еңбеккерін де мақтан тұтады.