Қалалық Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, мұржаның түбін қопару жұмыстары төрт тәулік бойы жүргізілген. Оны тендерден жеңіп алған компания жүзеге асырған. Темірбетоннан жасалған мұржаның диаметрі 17,5 м, қабырғаның қалыңдығы 80 см құрайды. Мұржаның құлаған көрінісі әлеуметтік желілерге тарап кетті.
Дегенмен, сол маңдағы тұрғындар ауыр соққыдан үйлерінде қабырғалары жарылғанын айтуда. Тағы бір дүкеннің қожайыны БАҚ өкілдеріне сауда орнының терезесінің шытынағанын айтып, шағымданған.
Айта кетейік, қорғасын зауытының аумағында орналасқан мұржаны белгісіз тұлғалар қопарып, құлатуға шақ қалдырған болатын. Олар мұржаның төменгі жағындағы темір металды алу үшін бұзған. Салдарынан ескі мұржа апатты жағдайға жетіп, сол аумақтағы адамдардың өмірі мен денсаулығына, жақын орналасқан үйлер мен нысандарға қауіп төндірген болатын.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттегі қорғасын зауыты аумағында құлауға шақ қалған ескі мұнара мен теміржолдың үстіндегі көпір бұзылатындығы туралы хабарлаған болатынбыз.