Бүгін «Егемен Қазақстан» газеті 1941-1945 жылдардағы соғыстың зардабын, қасіретін суреттеген мақаласы «Жеңіс жауынгерлері» деген айдармен шықты. «Мезгіл өтіп, араға қанша уақыт салса да, адам санасында өшпестей із қалдыратын кезеңдер болады. Солардың бірі - сұрапыл соғыс, оның тартқызған залалы мен зардабы, әкелген қайғысы мен қасіреті. Ал сол майдан даласында жүріп, ел-жерін қорғау үшін қарсыласымен бетпе-бет келіп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен азаматтар қандай құрметке болса да лайық»,-дей келе басылым қазақтың қос батыр ұлы - Сарқытқажы Әбішев пен Мейірбек қарт туралы жазады.«Сарқытқажы Әбішев 1918 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан, бұрынғы Семей облысының Аягөз ауданында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1936 жылы Көкпекті ауданы әскери комиссариатының арнайы шақыртуымен Қызыл Армия құрамына алынады. Бұдан кейін әскери училищеге жіберіліп, оны 1940 жылы тәмамдап шығады.Ол 1941 жылғы майдан даласындағы жауынгерлік қызметін атты әскери полкіндегі взвод командирі болып бастайды. 1942 жылы болған барлау және тұтқиылдан шабуыл жасау іс-қимылдары барысында Сарқытқажы Әбішев бастаған жауынгерлер жаудың мықтап бекінген шебін бұзып өтіп, ондаған дұшпанның көзін жояды. Көптеген фашистерді тұтқынға алып, қарсыласушы жақтың жасырынған және паналаған жерлерін тас-талқан етеді. Батальон штабы командирінің көмекшісі болған кезінде Сарқытқажы Әбішев басшылық тарапынан түскен әрбір тапсырманы дер уақытында, сондай-ақ, асқан жауапкершілікпен әрі ыждаһаттылықпен орындауға бар күшін салады. Оның бұл еңбегі еш кетпей, «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылады. Сұрапыл соғыс аяқталғанда оған капитан шені беріледі»,-деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Жеңіс жауынгерлері» атты мақаладан оқи аласыздар.
Бас басылым сондай-ақ бүгін әлемге танымал актер Жерар Депардьеге қазақ тілінен аудармашы болған Қазақстанның тумасы - Андрей есімді орыс баласы туралы жазады. «Француздың белгілі актері Жерар Депардьенің аудармашысы Андрей Иванов қазақ тілін Францияда жүріп-ақ үйренген болып шықты. Рас, Андрей Қазақстанның тумасы екен. Өскемен қаласында туып-өскен ол бұдан 7 жыл бұрын Парижге барып тұрақтапты. Бір қызығы, Қазақстанда жүрген кезінде назар аудармаған тірлігі - қазақ тілін үйренуді ол осында келгеннен соң қолға алған. Андрей бала жасында музыкант болуды армандапты, бірақ негізгі кәсібі аудармашылық болып шыққан. Қазақ халықаралық қатынастар университетіне құжат тапсырады. Ақырында оқуға түсіп те кетеді.
Ал Парижге келгеннен кейін француздың Софи Марсо, Жерар Депардье, Кристофер Ламберт, Эммануэль Беар, Патрисия Каас, Мирей Матье, Мэтт Покора сынды өнер жұлдыздарының, сондай-ақ, боксшы Майк Тайсонның жаттықтырушысы Кевини Рунидің аудармашысы болған екен. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Депардьеге аудармашы болған» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
«Айқын» газеті бүгін қазақ халқына алғысы шексіз грек байкері туралы жазады. «Әрине, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстандағы гректердің саны қазіргіге қарағанда әлдеқайда көп болды. Кейін миллионға жуық қазақ қандастардың атамекенге оралғаны секілді, 90-жылдары гректер де Грекияға лек-легімен қайтты: бұл елде өткен ғасырдың 80-90-жылдарында оралмандарға арналған төл бағдарламасы болған.
Кезінде бізден көшіп кеткен гректер Грекияға тастай батып, судай сіңбей, бір жерге шоғырланып, жинақы өмір сүруде. Афинаның айналасында «Мениди» деп аталатын «қазақстандық гректердің» тұтас ауданы қалыптасты. Бір жылдары, тіпті біздің бұрынғы отандасымыз осы ауданды басқарып, мэрі болды.
Менің білуімше, елімізде бүгінде 20 мыңдай ғана грек қалды. Алматы облысындағы Панфилов кентінде біраз грек тұрады, темекі өсіреді. Бұл поселкедегі тұрғындардың барлығы да - кеңес тұсында репрессияға ұшырағандар, қазақ халқының қонақжайлылығы мен мейірбандығы арқасында аман қалғандар. Жалпы алғанда, 32 этнос өмір сүруде. Оларды тегіс қамту үшін біз мерекелік шараны жергілікті стадионда өткізуді дәстүрге айналдырдық. «Біз - қазақстандықтармыз!» ұранымен өтетін осы шаттық-думанда қазақтың, гректің және басқа да ұлт өкілдерінің ән мен күйі төгіледі, әуен әралуандылығымен жанды баурайды»,-деп жазған басылым грек ұлтының азаматы, «Элефтерия» гректер қоғамының төрағасы Георгий Иорданидің сөзін. Сұхбаттың толық нұсқасын «Айқын» газетінің бүгінгі санынан («Грек байкері қазақ халқына разы») оқи аласыздар.
Бірнеше күннен бері әлемнің, әсіресе, Азиядағы елдердің бұқаралық ақпарат құралдары «Шыңғыс ханның мазары табылды» деген ақпаратты жарыса жариялауда. Жапонияның «Киодо Цусин» агенттігі Жапония ғылым орталығымен біріге отырып, аса қызықты мәлімдеме жасады. «Моңғолиядағы Бұрқан Қалдұн тауында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген экспедиция қорытындысы бойынша Моңғолияның солтүстік-шығысынан Шыңғыс ханның мазары табылды» делінген мәлімдемеде. «Айқын» газетінің жазуынша, «бұл экспедиция 1990 жылдан бері үш кезеңмен ұйымдастырылды. Экспедиция жұмысына АҚШ-тың - НАСА, Жапонияның GVC ғарышты зерттеу орталықтары да атсалысқан. Мыңдаған метр тереңдіктегі жер қатпарын көре алатын LCI дүрбісінің көмегімен ұлы қағанның мүрдесі мың шаршы метр аумақты алып жатқан орынға қойылғаны анықталған. Мазарда 8 бөлме бар. Ортаңғы бөлмеде Шыңғыс қаған кіндік тұсына өз таңбасын ұстаған бойында қойылыпты. Аяғының екі тұсына арыстанның мүсіні, басына самғап бара жатқан сұңқар құс қойылған. Қаған мүрдесінің оң жағына сегіз боз ат, айналасына асыл заттар, ертоқым, жүген, басқа да ат әбзелдері орналастырылған. Мазарда басқа да батырлар мен ханымдардың мүрдесі бар екенін арнайы аспап анықтаған.Кім біледі, бұған дейін де Шыңғыс ханның мазарын таптық делінген бірнеше мәлімдеме жасалған. Бірақ ешқайсысы расталмаған-ды. Бұл жолғысы қалай болар екен? Жақында әлем ғалымдарының арнайы кеңесі құрылып, Моңғолия өкіметінен мүрдеге қазу жұмысын жүргізу туралы рұқсат алу шаралары қарастырылмақ көрінеді»,-деп жазады басылым. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде шыққан «Шыңғыс хан мазары табылды ма?» атты мақаладан оқи аласыздар.