Отырыс Ұйымның он жылдық мерейтойына арналды. ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының кеңесінде Ұйымның өткен он жыл ішіндегі қызметінің нәтижелеріне талдау жасалды және Ұйымды алдағы кезеңдерде дамытудың перспективалары айқындалды. Сондай-ақ саммит барысында әлемдік және өңірлік өзекті жағдайларға қатысты кең көлемдегі мәселелер де талқыланды.
Елордадағы еңселі ғимараттардың бірі әрі бірегейі - Тәуелсіздік сарайы есігін айқара ашқаннан бері бұл ғимаратта халықаралық деңгейдегі ірі жиындар жиі өтіп келеді. Өткен жылдың желтоқсанында ЕҚЫҰ-ның Саммиті, жақында ғана Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы табысты өткен еді. Енді, міне, ШЫҰ-ға қатысушы елдер мемлекет басшыларының мерейтойлық саммиті өтіп отыр.
Саммит жұмысына ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік етті. Оның жұмысына сондай-ақ, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ауғанстан Президенті Хамид Карзай, Пәкстан Президенті Асиф Али Зардари, Иран Президенті Махмұд Ахмадинежад, Моңғолия Президенті Әкімшілігінің басшысы Баттулга Дашжамц, Үндістан Сыртқы істер министрі Соманахалли Кришна, сондай-ақ Ұйымға байқаушы елдер мен әріптестік бойынша үнқатысу елдерінің және ірі халықаралық ұйымдардың делегациялары қатысты.
Сағат тілі 11.00-ге жақындағанда Ұйымға мүше елдердің мемлекет басшылары мінген есік пен төрдей көліктер араға бір-екі минөт салып, Тәуелсіздік сарайының алдына тоқтай бастады. Бұл кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайындағы арнайы жабдықталып, Ұйымға қатысушы елдердің мемлекеттік тулары орнатылған тұғырда мемлекеттер басшыларын қарсы алу үшін күтіп тұрған еді. Көп кешікпей орыс алфавиті тәртібімен алғашқы болып ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао көрінді. Одан кейін Елбасы Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаеваны, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонды, Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовты және Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевті ыстық ықыласты жағдайда күтіп алды.
Осындай достық ниеттестіктегі қауышудан соң, ШЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшылары бірігіп суретке түсті. Ал бұдан кейінгі мерейтойлық саммит үстіндегі жүздесу алдымен Ұйымға мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің отырысы шағын құрамда, одан кейін кеңейтілген құрамда жалғасты. Отырысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты және сөз сөйледі.
Елбасы әуелі бұл мерейтойлық саммит Ұйымға мүше елдердің 10 жыл ішіндегі бірлескен жұмыстарының қорытындысына арналып отырғанына тоқталды. Қазақстан басшысының атап өткеніндей, осы жылдар аралығында ШЫҰ Шанхайдан Астанаға дейінгі үлкен жолды басып өткен халықаралық қатынастарда бірегей институтқа айналды. Біріншіден, ШЫҰ түрлі өркениеттер мен мәдениеттерді алға тартатын мемлекеттерді біріктірді. Екіншіден, осыдан 10 жыл бұрын Шанхайда Ұйымға мүше мемлекеттер өз халықтарының қауіпсіздігіне қарай тарихи қадам жасады. Үшіншіден, ШЫҰ өзіне барынша перспективалы әлемдік экономиканы тартып отыр.
Бұдан кейін Елбасы өткен кезеңдерде Ұйымға қатысушы елдердің экономикалық дамуына тоқталды. ШЫҰ-ның ішкі тауар айналымы жеті есе өсті, деді Нұрсұлтан Назарбаев осы туралы. ШЫҰ елдері трансеуразиялық коммуникациялар - автокөлік және темір жол, тұрба құбыры желілері жобаларын жүзеге асыруға шықты. Біз экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияны кеңейту үшін стратегиялық негіз құрдық. Іскерлік кеңес және Банкаралық бірлестік құрылды, Ұйымның Экономикалық форумы тұрақты өткізіліп келеді. 2020 жылға дейінгі көптарапты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Осылай деген Елбасы Ұйым жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға баға жетпес үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет басшысының атап өткеніндей, Терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен күрес туралы Шанхай конвенциясы қабылданды. ШЫҰ-ның Өңірлік антитеррорлық құрылымы қазірдің өзінде жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары арасында лайықты орнын алды. Өңірлік антитеррорлық құрылымның қатысуымен 500-ден астам террорлық актілердің алдын алуға мүмкіндік туды.
Біздің Ұйымның саяси салмағы мен беделі тұрақты өсіп келеді, деп жалғастырды сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Оның құрамына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің екі тұрақты мүшесі кіреді. ШЫҰ БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы байқаушы мәртебесіне ие. Ұйымға мүше болғысы келетіндердің, байқаушылар мен әріптестік үнқатысу бойынша мүше болатындардың қатары өсе түсуде. Біз жаңа салалар - білім беру, денсаулық сақтау, экология және басқа да салалар кіретін өзара ықпалдастықты кеңейтудеміз. Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалығын біздердің тәуелсіздігіміздің және Ұйымның өзінің мерейтойлық жылымен аяқтағалы отыр. Біздің төрағалығымыздың жылында «Қауіпсіздік және ынтымақтастық жолындағы он жыл» ұраны астында 110-нан астам бірлескен шара өткізілді.
Мемлекет басшысы өзінің сөзі барысында бұдан басқа да бірлескен шаралардың өткізілгеніне тоқталды. Елбасының атап айтуынша, «Бейбітшілік миссиясы-2010» бірлескен кең көлемдегі антитеррорлық жаттығуы өтті. Ұйымның Есірткіге қарсы стратегиясы қол қоюға әзірленді. Өткен жылы Ұйым Ауғанстандағы жағдайды реттеу үдерістеріне айтарлықтай қолдау көрсетті. Оның ішінде Қырғызстан да бар. Көрсетілген көмектің жалпы көлемі 50 миллион доллардан асады. Жалпылай алғанда, 10 жыл ішінде ШЫҰ жаңа тұрпаттағы халықаралық өңірлік Ұйымға айналды.
Әрі қарай Қазақстан Президенті Ұйымның алдында тұрған жаңа міндеттер мен жаңа сынақтар үшін шешімдер іздестіру қажеттігіне тоқталды. Елбасының тоқталғанындай, өткен кезеңдерде Ұйымның базалық қызметі негізінен үш қасірет - терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес болды. Бүгінде есірткі синдикаты жаһандық аз қатер туғызып отырған жоқ. Соңғы он жылда Ауғанстанда героин мен есірткі трафигі өндірісі он есеге өскен. Ұйымға мүше мемлекеттер БҰҰ басшылығы мен Халықаралық Гаага трибуналына осыған байланысты үйлестірілген ұсыныстармен шығуы қажет. Халықаралық тергеулер жүргізіп, адамзатқа қарсы қылмысқа қатысушы барлық ұйымдар мен тұлғаларды жауапқа тартуы керек.
Барлық осы төрт көріністер - терроризм, діни экстремизм, сепаратизм және есірткі бизнесі біздің елдеріміз бен бүкіл әлемге оларды тарату үшін әлем бойынша Интернет жүйелерін пайдаланады. Сондықтан да Ұйым елдері оған күшті тосқауыл қоюы қажет. Бұған мысал ретінде Президент АҚШ-тың өзін-өзі қорғау тәжірибесін келтірді. Елбасының атап өткеніндей, АҚШ-та киберқауіпсіздік - киберқауіпке және кибертерроризмге қарсы кешенді шаралар жүргізуге бағытталған қатал доктрина қабылданған. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Интернет агрессиясына қарсы «Киберпол» функциясын орындайтын ШЫҰ-ның арнайы органын құру мәселесін ойластырудың қажет екенін білдірді. Және терроризммен, экстремизммен және есірткі қаупіне қарсы күресте өзара іс-қимылды әрі қарай тереңдету қажет екендігін атап өтті. Ол үшін Өңірлік антитеррорлық құрылымның материалдық-техникалық мүмкіндіктерін кеңейту керек. Осыған орай Елбасы Ұйымның аумақтық және өңірлік жанжалдарды реттеу жөніндегі кеңесін құруды ұсынды.
Екіншіден, бізге мақсатты түрде ШЫҰ-да біртұтас көлік-энергетикалық кеңістік құру туралы мәселені дайындау қажет, деді Елбасы. Біздің елдерімізде мұнай, газ, гидроресурстар бар және ірі тұтыну рыногы бар. Үшіншіден, ШЫҰ аясында тығыз экономикалық ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін құру маңызды. Біз инвестиция мен сауда жолындағы кедергілерді барынша төмендетіп, перспективалы бірлескен өндірістерді құруымыз қажет. Бірлескен жобалар мен инновацияны қаржыландыру үшін Даму қорын құруды тездетуді ұсынамын.
Қазақстанның ШЫҰ аясында Су және азық-түлік комитеті атты тиісті ұлттық ведомстволар басшыларының деңгейіндегі жаңа құрылым ашуды ұсынатынын да айтты. Төртіншіден, Қазақстандағы және Ресейдегі былтырғы өрттер мен Жапонияда болған жер сілкінісі Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық ашудың қажеттілігін дәлелдеп отыр. Әріптестеріме Төтенше жағдайлар жөніндегі кеңес құрудың қажеттілігін де атап өткім келеді, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Бесінші кезекте Елбасы тұрақты жұмыс істейтін Ұлтүстілік болжам институтын құрудың уақыты жеткенін айтты. Сонымен бірге, ШЫҰ дамуының біртекті болжамын да әзірлеу қажет, деді Елбасы. Ол үшін барлық ұлттық болжамдық ресурстардың күшін біріктіріп, ШЫҰ-ның біртекті орталығын ашу керек. Президент осындай құрылымның арқасында «ШЫҰ-2030», «ШЫҰ-2050» болжамдық жобаларын әзірлеуге болатынын да көлденең тартты. Бұл алдағы уақытта орын алуы ықтимал жаһандық экономикалық дағдарыстарға қарсы тұру үшін керек.
Одан әрі Елбасы бүгінгі күні дүние жүзінде бүкіләлемдік валюта-қаржылық архитектураның кінәратын табу проблемасы әлі анықталмағанына өкініш білдірді. Бізге алтынмен қамтамасыз етілген ұлтүстілік толыққанды валюта қажет. Оны қабылдау ШЫҰ-ның қолынан келеді. Және бүгін жасалған операциялар - осы істің жолындағы алғашқы қадам. Мен айтқан осы бес мақсат - әлемнің алдағы он жылғы дамуына қажетті маңызды шаралар. Олар біздің халықтарымыздың мүддесін қорғайтын болады, деді Президент. Оларды ШЫҰ-ның «Бес мейірімді істері» деп атауға да болар еді.
Сөзінің соңында Н.Назарбаев ШЫҰ-ның ерекшелігі мен тартымдылығы өздерінің саяси-дипломатиялық істерінің ептілігіне және оларды өз мақсаттарына икемдеудегі қадамдарына байланысты екенін атап көрсетті. ШЫҰ-ға мүше елдердің бәрі де аумақтарының, тарихтары мен мәдениеттерінің әртүрлілігіне қарамастан, тең және бірдей дауысқа ие. ШЫҰ-ның нақ осы қасиеті әлемде қызығушылық тудыруда. Сондықтан да әлем біздің Ұйымымыздан үлкен үміт күтеді, дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы бүгін Астанада біздің халықтарымыз үшін Еуразиядағы бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздік жолындағы жаңа тарихи тарау ашылғанына сенімді екенін жеткізді.
"Егемен Қазақстан" газеті. 16 маусым, 2011 жыл.