Бұл жайлы EAS Қазақстан энергия өндіруші компанияларының президенті Мамытхан Сәлібеков өткен аптада Өскеменде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін ұйымдастырылған баспасөз-тур кезінде айтты.
«Біз Silicium Қазақстан компаниясымен 2006 жылы 10 жылға келісімшарт жасағанбыз. Келісім бойынша олар 2007 жылғы шілденің 1-інен бастап электр энергиясын алуы керек еді. 2008 жылы шілденің 1-інде оларға өз өндірісті іске қосу туралы талап қойған болатынбыз. Келіссөз нәтижесіз аяқталған соң 2009 жыл келісімшарттың күшін жоюға мәжбүр болдық», дейді Мамытхан Сәлібеков. EAS Қазақстан энергия өндіруші компаниялары президентінің айтуынша, Silicium Қазақстан әлі күнге дейін өндірісті іске қоса алмай отыр. Егер электр қуатына мұқтаждық туындап жатса олар басқа кез келген кәсіпорын сияқты жаңа келісімшарт жасауға толық мүмкіндігі бар.
Жалпы жылына 25 мың тонна металлургиялық кремний өндіреді деп жоспарланған Қарағандыдағы бұл өндіріс орны «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» бағдарламасына енеді. 2008 жылы желтоқсанның 9-ы күні оның іске қосылу рәсіміне Елбасы да қатысқан болатын. Алайда өндірілген өнімге нарықта сұраныс болмаған соң ондағы жұмыс үдерісі әлі күнге дейін тоқтап тұр. Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев ақпан айында жұмыс сапарымен Қарағандыда болған кезде Silicium Қазақстан компаниясының бас директоры Александр Сутягинский қазір барлық мәселе өндірісті электр қуатымен қамтамасыз етуде болып тұр деп мәлімдеген еді. Ал облыс әкімі Серік Ахметов маусым айында кәсіпорын қайта іске қосылатынын және оны электрмен қамтамасыз ету мәселесін шешуге Индустрия және сауда министрлігінің араласуын сұраған еді.