«Simba» фирмасы кінәларын мойындап отыр

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Simba» фирмасы кінәларын толық мойындап отыр. Бұл кәсіпорын шайдың қорабына «Кенияның қара шайы» деп көрсетудің орнына «Қара Кения шайы» деп қате жазған болатын.

Бұл жөнінде наурыздың 4-і күні Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев мәселе қозғап, ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға депутаттық сауал жолдады. Министрден келген жауап хатта депутаттың ұсынысына қолдау жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Мәдениет министрі өз жауабында қазіргі таңда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын жазады.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабына және ҚР Үкіметімің 1999 жылғы 31 тамыздағы № 1274 қаулысына сәйкес шетелдерде өндірілген тауарлар мен тағам өнімдерінің тауарлық жапсырмалары (этикеткалары) мемлекеттік және орыс тіліндегі ақпараттармен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл талап іске асырылуда.

«Алайда, Өзіңіз көрсетіп отырғандай, тауарлардың қазақ тілінде жазылған кейбір атаулары мен мәліметтері дұрыс аударылмай, қате жазылу фактілері де кездеседі. Сіз көрсеткен фактілердің орын алу себебін, кінәлілерді анықтап, заңнама талаптарына орай шара қолдану үшін осы мәселе құзыретіне жататын Алматы қаласының Тіл басқармасына хат жолданды. Сондай-ақ Алматыдағы «Simba» (Симба) фирмасына да тікелей ескерту жасалды. Олар кінәларын толық мойындап, аталған шай өнімін шығару кезінде бұдан былай мұндай қателерге орын берілмейтіндігін мәлімдеді. Бұл жерде тіл заңы талаптарының орындалуына әр мекеме басшысы тікелей жауапты (24-бап) екенін еске сала кеткен жөн. Өйткені елдік мақсат ел болып жұмылғанда ғана ойдағыдай жүзеге асырылатыны ақиқат қой. Осы орайда, тіл дамыту мәселелерін, тіл заңының орындалуын қоғамдық және парламенттік бақылауға алуды ұйымдастыруға байланысты Сіздің жанашырлық пейіліңізді жоғары бағалаймыз, нақты ұсыныстарыңызды қолдаймыз. Бұл бағытта атқарылып келе жатқан жұмыстар жалғасын табатын болады»,- дейді Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.