«Жамбыл облысында болған дауыл сол өңірдің физикалық-географиялық ерекшеліктеріне байланысты туындаған», - деді Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазгидромедорталықтың директоры Баян Сазанова.
Оның айтуынша, Жамбыл облысының жері таулы болып келеді, сондықтан синоптикалық үдерістер одан сайын күш алып, алапат дауылға айналады.
Синоптиктердің зерттеулері бойынша, 2008-2012 жылдар аралығында республика аумағында күші 30 метр секундтан асатын 235 дауыл тіркелген. Оның 19-ы Жамбыл облысында байқалған. Зерттеу тарихында 1967 жылы Тараз қаласында 50 м/с жылдамдықпен соққан жел тіркелген. Ал Қаратауда дауылдың күші 40 м/с-қа жеткен көрінеді. Биылғы 12 қаңтарда Жамбыл облысындағы дауылдың күші Таразда 34 м/с, Қаратауда 46 м/с, Саудакентте 40 м/с болған.