Сыйақыны көбейту, қажетсіз дәрілерді алу – Ауруханалар мен емханалар неліктен қарызға батты

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Айдар Нұралиев медициналық ұйымдардың кредиторлық қарызы бойынша құрылған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы жұмыс тобының нәтижелерін баяндады. 

Фото: Pexels

«2023 жылдың қазан айының соңында біздің қордың 1 970 жеткізушісінің 454-інде бірлескен орындаушылар алдында 98 млрд теңге берешегі болса, 20 желтоқсанда олардың саны 479 ұйымға, қарыз саны 113 млрд теңгеге жеткен. Бұл ретте олардың 90%-дан астамы мемлекеттік ұйымдар», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сараптамалық дөңгелек үстелде.

А. Нұралиев желтоқсан айының басында Денсаулық сақтау министрлігі кредиторлық берешек себептерін анықтау үшін арнайы жұмыс тобын құрғанын атап өтті. Оның құрамына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының, республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы мен медициналық бақылау комитетінің өкілдері кірді.

Медициналық ұйымдардың тізімін құруда кредиторлық берешектің өсуі, медицина қызметкерлеріне жалақының уақтылы төленбеуі және бірлескен орындаушылар алдындағы міндеттемелердің тиісінше орындалмауы ескерілді.

Нәтижесінде 24 медициналық ұйым іріктеліп алынды, олардың үлесіне жалпы берешек сомасының 23%-ы тиесілі болды. Олардың ішінде 18 аурухана, 4 емхана және екі жедел медициналық жәрдем станциясы бар. 2020-2023 жылдары осы медициналық ұйымдардың кредиторлық қарызы 8 млрд теңгеден 25 млрд теңгеге дейін өскен.

«Талдау көрсеткендей, кредиторлық қарыздың туындау себептері ретінде медициналық ұйым басшыларының тиімсіз шешімдері, ғимаратқа әтүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу, жөнсіз шығындар, қарыз бола тұра қызметкерлерге сараланған төлемдер мен сыйақыларды арттыру аталған. Стендтер жасауға, журналдарға жазылуға қаражат жұмсалған. Ынталандыру мақсатында қызметкерлердің жалақысын жыл сайын арттырып отырған. Жекелеген қызметкерлерге жоғары лауазымдық жалақы белгілеу фактілері бар. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шығыны дербес есепке алынбаған, соның салдарынан талап етілмеген дәрі-дәрмектер көптеп сатып алынған. Инфляция деңгейін ескеріп, тарифті индекстеудің болмауы да кредиторлық қарыздың маңызды факторы», - деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, кредиторлық қарыз деңгейін төмендету үшін бірқатар шара қабылданған. Олар – МӘМС активтері есебінен 58,9 млрд теңгеге қосымша қаржыландыру; республикалық бюджетті түзету арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін 57,4 млрд теңгеге қосымша қаржыландыру; 10 өңір бойынша жергілікті бюджеттен 7,8 млрд теңгеге қосымша қаржыландыру.

Нәтижесінде мерзімі өткен кредиторлық қарыз бір жылда 22,7 млрд теңгеден 8,8 млрд теңгеге дейін төмендетілді, барлық мемлекеттік медициналық ұйымда желтоқсан айындағы жалақы 2023 жылдың соңына дейін төленген.