Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләловтың төрағалығымен өткен жиында «Қазақстан инжиниринг» компаниясына кіретін кәсіпорындар қызметінің қорытындылары және даму перспективасы талқыланды. Кездесуге Акционерлік қоғамның президенті Болат Смағұлов, вице-президенті Вадим Шақшақбаев, аппарат басшысы Әділғазы Бергенев қатысты.
Облыста машина жасау саласында 35 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның төртеуі «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясымен басқарылады. Бұл - «Петропавл ауыр машина жасау зауыты», «ЗИКСТО», «Киров атындағы зауыт» және «Мұнаймаш». Бұл кәсіпорындар үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясындағы индустрияландыру картасын жүзеге асыруда белсенді жұмыс істеп келеді. Өндіріс ошақтарында 3 мыңға жуық адам еңбек етеді. Орташа еңбекақы 60 мың теңгені құрайды.
Кездесу барысында өңір басшысы жоғары білікті мамандардың тапшылығы өзекті болып тұрғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ биыл облыста индустрияландыру бағдарламасының жүзеге асырылуы жалғасады деп атап өтті.