СҚО әкімі көктемгi су тасқынының алдын алу жұмыстарын уақтылы орындауды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Солтүстік Қазақстан облысының әкімі  Ерiк Сұлтановтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте облыстың жылу магистральдарындағы және су өткiзу құбырларындағы апаттарды алдын алу мен жою жұмыстары, сондай-ақ, жылыту маусымы мен Петропавл қаласының көшелерiн тазарту жұмыстары талқыланды. Бұл туралы СҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бiрiншi мәселе бойынша энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тасмұрат Қатқадамов баяндады.

Мекеме басшысының ақпараты бойынша жыл сайын магистральдi жылу желiлерiндегi апаттар саны төмендеп келе жатыр.

«2014 жылы II дәрежелi технологиялық бұзушылықтар 92 болса, 2015 жылы 93, ал 2016 жылы бұл көрсеткiш 88 болған. Осы кезең iшiнде I дәрежежегi апаттар болмаған. Биылғы жылу маусымында болған технологиялық апат - жылу магистральдарының коррозиялық тозуы», - дедi Тасмұрат Қатқадамов.

Жылу желiлерiнiң тозуын түбегейлi шешу үшiн күрделi жөндеу, қайта құру мен желiлердiң тозған учаскелерiн ауыстыру шаралары қолданылып жатыр. 2016 жылы «Петропавл жылу желiлерi» ЖШС-гi 412 млн. теңгеге 14,7 шақырым жылу желiлерiне күрделi жөндеу, 11 шақырым жалаңаш құбырларына жылылықты өткiзбеу жұмыстары жасалды. Инвестициялық тариф сметасы аясында 355 млн. теңгеге ТМ №5 құбырының 1,053 шақырымына қайта құру жұмыстары жүргiзiлдi. Халықаралық Қайта құру және Даму банкiнен алған қарыз бен ҚР Ұлттық экономика министрлiгiнiң бюджеттiк қаржыландыру арқасында бұл кәсiпорын 1 млрд. 84 млн. теңгеге ТМ №5 құбырының 1,6 шақырымына, 415 млн. теңгеге ТМ №2 құбырының 0,972 шақырымына қайта құру жұмыстары жүргiзiлдi.

«2017 жылы 407 млн. теңгеге 12,6 шақырым күрделi және 4 шақырым жылу желiлерiне жылылықты өткiзбеу бойынша жөндеу жұмыстары жүргiзiледi. Инвестициялық бағдарлама аясында454 млн. теңгеге 1,12 шақырым жылу желiлерiн ауыстыру жоспарланған. Халықаралық Қайта құру және Даму банкiнен алған қарыз бен ҚР Ұлттық экономика министрлiгiнiң бюджеттiк қаржыландыру арқасында 6,3 шақырым жылу желiсiн қайта құру жоспарланған. Алдағы уақытта жылу желiлерiн қайта жаңғырту жұмыстары 2020 жылына тозуды 71,8%-дан 62%-ға төмендетуге мүмкiндiк бередi», - дедi басқарма басшысы.

Желiлердi қайта құру мен ауыстыру жұмыстары жалғасатын болады. Қайта бекiтiлген инвестициялық бағдарлама бойынша «Қызылжар су» ЖШС-гi 42,5 шақырым су желiлерiн жаңартпақ, бұл желiлердiң тозуын 72%-дан 60%-ға дейiн төмендетедi.

Облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов Петропавл және аудандардың басшылығына инженерлiк коммуникациялар бақылауда ұстап, қалпына келтiру жұмыстарын уақтылы өткiзудi тапсырды.

Екiншi мәселе бойынша Петропавл қаласының әкiмi Марат Тасмағанбетов сөз сөйледi.

«Жылыту маусымы штатты тәртiпте өтiп жатыр. Тұтынушылардың электр және жылу энергиясына деген сұраныстары толығымен қанағаттандырылуда. ЖЭО-2 желтоқсан айында 6,5 млрд. теңге тұратын №5 турбоагрегаты мен 3,1 млрд. теңге тұратын № 12 турбоагрегатты қайта жаңғырту жұмыстарынан кейiн iске қосылды. Бұл белгiленген электр қуатын 541 МВтқа, жылу қуатын сағатына 713 гигакаллорияға арттыруға мүмкiндiк бердi. Жабдықтардың тозуы 10,2 %-ға төмендедi», -дедi Петропавл қаласының әкiмi.

Қыс кезiнде қала көшелерiн тазалауға 11 кәсiпорын жұмылдырылған. Көшелердi тазалау жұмыстары 23.00-ден 05.00-ге дейiн жүргiзiледi. Күнiне бағыттарға 40 бiрлiк техника шығады.

Жолдың жүретiн бөлiгiн көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу жұмыстарын 4 кәсiпорын атқарады.Бұл кәсiпорындар 6 мың текше метр құм мен тұз араласқан қоспаны дайындады. 2016 жылдың 19 қазанынан бастап қоспаның 2,8 мың текше метрi қолданылған. Жолдың жүретiн бөлiгiн көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу жұмыстары таңғы 05.00-ден 07.30-ға дейiн жүргiзiледi.

Өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов көктемгi су тасқыны кезеңiне дайындық барысында қарды шығару жұмыстарын уақтылы орындауды тапсырды.