СҚО әкімі Петропавл базарларын тексерді (ФОТО)

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО әкімі Петропавл базарларын аралады.

Аймақ басшысы «Дария» базарында болып, оның қайта құрылу жайымен танысты. Биыл мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілді: шатыр жөнделіп, төбесі қалпына келтірілді, жаңа электр сымдарын өткізді, жарықтандырылды. Бұл мақсатқа кәсіпкер шамамен 10 млн теңге жұмсады.

«Сондай-ақ, 22 бейне бақылау камерасын, сыртта 50 жаңа сауда павильонын орнатты. Бұрын онда палаткалар болған», - деді «Дария» базары» ЖШС директорының орынбасары Юрий Кузнецов.

Сондай-ақ өңір басшысы Ерік Сұлтанов Петропавлдағы «Алатау» базарына соқты. 2016 жылы оны күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Келесі жылы облыс орталығында жаңа «Олжа» базары ашылмақ. Жоба құны 140 млн. теңгеден асады, оны «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырады.

«Жалға алушылар өзінің өнімін ғана емес, сонымен бірге біздің өнімді де сатуын бақылау керек», - деді Ерік Сұлтанов.