СҚО-да Б.Сапарбаевтың қатысуымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференция өтті (ФОТО)

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына арналған республикалық конференцияға қатысты.

Сондай-ақ конференцияға Қазақстан мен Ресейдің жетекші ғалымдары қатысты. «Қыркүйекте Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеміз. Ең бастысы - күллі әлемге көпжылдық, күрделі тарихымызды ашып көрсетуіміз қажет. Біз - бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан елміз. Президент Қазақстан халқына бұл мерекені барша қазақстандықтар мерекелеуі тиіс екендігін айтты, себебі біз біртұтас елміз. Мақсатымыз, мүддеміз бір. Егер 550 жыл бұрын бірге болмағанда, мұндай мемлекет құрылмаған болар еді. Бастысы - көршілермен жылы қарым-қатынастамыз. Бұл - ұлы бабаларымыздың бізге аманаттап, табыстап кеткен киелі жері», - деді ҚР Премьер-Министрдің орынбасары. Конференцияда сөз алған Ерік Сұлтанов Қазақ хандығының 550 жылдығы - өткен өмір ғана емес, бүгінгі күннің іргетасы екенін атап өтті. «Мыңдаған жылдар бойы бай қазақ жері түрлі мәдениет пен өркениеттің түйіскен орны болды. Мұнда орасан еуразиялық дала кеңістігі игерілді, өзіндік материалдық, рухани мәдениет қалыптасты. Елдің маңызды тарихи оқиғалары мен үрдістерінің маңыздылығын тереңінен сезіну - біздің табысты келешегіміздің негізі, Президенттің «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын іске асырудың кепілі», - деп атап өтті өңір басшысы. Сондай-ақ Б.Сапарбаев пен Е.Сұлтанов облыстық онкологиялық диспансерге барды, онда диагностикалық медициналық техникамен танысты. Бас дәрігер Ермек Әбдірімов корпуста денсаулықты қалпына келтіру, паллиативті емдеу бөлімшесі мен диагностикалық бөлімше ашу жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті.